«Әріптесіңіздің жұмысын істесеңіз, ақы төленуге тиіс»: Еңбек кодексіне өзгеріс енді

Бірақ бұл жұмыс бұйрықпен немесе қосымша келісіммен ресімделуі қажет.

Қазақстанда Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Енді уақытша жұмыста жоқ қызметкердің міндетін атқарған адамға жұмыс беруші міндетті түрде қосымша ақы төлеуге тиіс.

Бұған дейін лауазымдық нұсқаулықта әріптесті алмастыру міндеті көрсетілсе, жұмыс беруші қосымша ақы төлемеуге құқылы еді. Енді бұл норма алынып тасталды.

Қосымша ақы қызметкер жыл сайынғы еңбек демалысында, сырқаттанғанда, іссапарда немесе басқа да себеппен уақытша жұмыста болмаған жағдайда оның міндетін атқарған қызметкерге төленеді. Бірақ бұл жұмыс бұйрықпен немесе қосымша келісіммен ресімделуі қажет.

Заңда қосымша ақының ең төменгі мөлшері белгіленбеген. Оның көлемі жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі арқылы айқындалады.

Мамандар қызметкерлерге уақытша алмастыруды міндетті түрде құжатпен рәсімдеп, қосымша ақының мөлшерін алдын ала келісуге кеңес береді.