Жиын барысында Қаржы министрі Мәди Такиев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл қосымша баяндамасында Үкіметтің макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап, экономиканың 6,5% өсуін қамтамасыз еткенін атап өтті. Сонымен қатар алғаш рет ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен өндіру секторының үлесінен (11,9%) асып түсіп, 13%-ды құрады. Дегенмен, оның айтуынша, күрделі сын-қатерлер әлі де сақталып отыр.
– Жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 12,3%-ға жетіп, болжанған межеден едәуір асып түсті. Номиналды табыстардың өскеніне қарамастан, азаматтардың шығыстарының елеулі бөлігі бұрынғыдай азық-түлікке және қарыз міндеттемелерін өтеуге жұмсалуда, – деді депутат.
Депутат сондай-ақ республикалық бюджеттің негізгі параметрлері жалпы алғанда атқарылғанын, бірақ есептерді талдау бірқатар жүйелі проблеманың бар екенін көрсететінін атап өтті. Олардың қатарында – салық түсімдеріне қатысты болжамдардың орындалмауы, бюджеттің Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігінің жоғары деңгейде сақталуы, мемлекеттік қарызды өтеу құнының өсуі және басқалары бар.
Бұдан бөлек, жыл бойы бюджет сегіз рет түзетілген. Депутаттың айтуынша, бұл бюджеттік жоспарлау сапасының төмендігін көрсетеді. Нәтижесінде, бюджеттен 75 млрд теңге сомасына 99 бюджеттік инвестициялық жоба алынып тасталған.
Сонымен қатар Сенат депутаты Нұрлан Бекенов те қосымша баяндама жасады.
Талқылау барысында Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева жаңа Салық кодексінің нормалары күшіне енгенін ескере отырып, кәсіпкерлік санаттары бөлінісінде салық түсімдеріне мониторинг жүргізу қажеттігі туралы мәселе көтерді. Ол 2025 жылы салық түсімдерінің ең жоғары өсім динамикасы шағын және микробизнеске тиесілі екенін (29,8% және 27,5%), ал ірі бизнес саласында өсім айтарлықтай төмен болғанын (9,4%) атап өтті. Комитет басшысының айтуынша, дәл осы көрсеткіштер алдағы уақытта жаңа салық ережелерінің кәсіпкерлікті дамытуға және бюджеттің кіріс базасына әсерін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Депутаттар сондай-ақ отандық IT-компаниялардың шетел нарығындағы қызметінің нәтижелеріне, цифрлық экономиканы дамытуға және елімізде іске асырылып жатқан IT-жобалардың маңыздылығына назар аударды. Бұдан бөлек, шикізаттық емес экспортты дамыту мен қосылған құны жоғары өнім шығаруды қамтамасыз ете алатын ірі индустриялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. Депутаттар 2026-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспар шеңберінде қанша азамат мемлекеттік қолдауға ие болатынын нақтылады. Утильдеу алымынан түсетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер бойынша Парламенттегі алты саяси партияның фракциялары өз ұсынымдарын берді. «Ауыл», Respublica, ҚХП, «Ақ жол» және «AMANAT» партиялық фракциялары депутаттардың ескертулерін назарға ала отырып, экономикалық қызметке алдағы уақытта түзетулер енгізу шарты арқылы құжаттарды бекітуді қолдады. ЖСДП фракциясы Үкіметтің есебін қолдамай, қарсы дауыс берді.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту туралы шешім қабылдады. Парламент мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, анықталған проблемаларды шешу бойынша ұсынымдар әзірлеп, Үкіметке жолдады.