Өткізу пункттері туралы хаттама ратификацияланды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімнің Хаттамасына енгізілген өзгерістерді ратификациялады.

Мәжіліс Қазақстан мен Өз­бек­стан үкіметтері арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемле­кет­тік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатты ратифи­ка­циялады. Оны депутаттарға Көлік министрі Нұрлан Сауран­баев таныстырды.

Хаттама бойынша «Сырда­рия – Малик» және «Целинный – Ок олтин» өткізу пункттерінің мәртебесі мен жұмыс режимі «екі­жақты» мәртебеден «халық­аралық (көпжақты)» болып өзгереді. Сондай-ақ жұмыс ре­жимі «күндізгі уақыттан» «тәулік бойы» режиміне ауысады. Бұл ретте «Сырдария – Малик» өткізу пункті жеңіл және бос жүк көлік құралдарының өтуі үшін, ал «Целинный – Ок олтин» өткізу пункті үлкен көлемді және ауыр салмақты жүктер мен тауарлар үшін де қызмет көрсететін болады.

Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Нұртай Сабильянов қосымша баянда­масында енгізілген түзетулер өт­кізу пункттерінің өткізу қабіле­тін арттыруға және екі ел арасын­дағы көлік-транзит әлеуетін дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, Мәжіліс «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Мәжілістің Экология мәселе­лері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыр­шин атап өткендей, Сенат енгізген өзгеріс заңның тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Түзету климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға Қазақстанның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесі есебінен мемлекет резервке қоя­тын көміртегі бірлігінің үлесін төмендетуге бағытталған.

Жалпы отырыс соңында Мә­жіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Палатаның сегізінші сайланымы­ның төртінші сессиясы бары­сын­дағы қызметін қорытын­дылады. Ол осы уақыт ішінде 40 жалпы отырыс өтіп, онда 334 мәселе қаралғанын айтты. 190 заң жобасы палата қарау­ында бол­ды, оның әрбір үшін­шісі деп­утат­­тар­дың бас­тамасы­мен әзір­ленді. Прези­дент 110 заңға қол қой­ды.

– Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы жылдардағы еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Мемле­кеті­мізде бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістер мен түбе­гейлі жаңғыру жолы, әсіресе заң шығару процесіне тың серпін әкелді. Ал депу­таттар  сол тарихи бет-бұрыс­тың зама­науи заңнамалық не­гі­зін қа­лау­ға атсалысты, – деді Ерлан Қошанов.

Бірінші кезекте депутаттар жаңа Конституцияны іске асыру мақсатымен бірқатар конституциялық заң қабыл­дады. «Президент туралы», «Астананың мәртебесі тура­лы», «Әкімшілік-аумақтық құры­лыс туралы» заңдар жаңар­ды, сондай-ақ мүлдем жаңа «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Халық Кеңесі туралы» заңдар қабылданды. Ауқымды заң шығару жұмысы Президенттің цифрлық мемле­кет құру жөніндегі тапсыр­масын іске асыруға, Мемлекет басшы­сының «Заң мен Тәртіп» баста­масын заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз етуге, жаңа эконо­ми­калық саясатты қалып­тас­тыруға, сондай-ақ әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіріп, аза­маттардың өмір сүру сапасын арттыруға бағыт­талды.

Бұдан бөлек, жеке кәсіп­кер­лік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мәселелері бойынша Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды, сондай-ақ екі Үкімет сағаты өткізілді. Оған қоса, қал­ыптасқан дәстүр бойынша, депу­таттардың өңірлердегі кез­де­сулері кезінде сайлаушылар көтерген түйткілдерді шешу бойынша Үкіметтің ақпараты тыңдалды. Бірқатар өзекті әлеу­меттік-экономикалық мәсе­лелер Мәжіліс жанындағы Қо­ғам­дық палатаның жеті оты­р­ысында қа­рал­ды. Азаматтарды мазалайтын проблемалар бо­йын­ша мемле­кеттік органдарға 419 депутаттық сауал жолданды.

Ерлан Қошанов депутаттар мен Мәжіліс Аппаратының қыз­меткерлеріне атқарылған жұмыс үшін, Үкіметке жемісті ынты­мақ­тастық үшін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне палата қызметін наси­хаттауға атсалысқаны үшін алғыс айтып, баршаға мықты денсаулық және қуатты әрі прогрессивті ел құру жолындағы жауапты қызметтеріне табыс тіледі.