Ұлт мұраты жолындағы шамшырақ

Ақпараттың тағдырды да, тарихты да өзгертер күші бар. БАҚ-тағы бір ғана сөйлем қоғамдық пікір қалыптастырса, бір ғана мақала замана бейнесін айқындауы мүмкін. Қандай кезең болмасын, уақыттың тамырын дәл басып, ел мен қоғамның арасын жалғап келе жатқан күш – журналистика.

Сондықтан 28 маусым – тек кәсіби мереке емес, ақпараттың қадірін, сөздің жауапкершілігін және ақиқатқа адал қызмет етудің құнын еске салатын ерекше күн. Бүгінгі цифрлық дәуірде ақпарат тарату тәсілі өзгергенімен, журналистиканың басты миссия­сы өзгерген жоқ.

Бүгінгі медианың құнын ақпараттың жылдамдығы емес, оның салмағы мен сенімділігі айқындайды. Бұл үрдіске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып келеді. Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында газет-журналдардың қайта өрлеу дәуірі басталғанын айтып, әлеу­меттік желі жедел ақпарат таратқанымен, терең ой мен салмақты сараптаманың мекені әлі де дәстүрлі баспасөз екенін атап өтті. 

«Газет-журналдар қайта өрлеу дә­уірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабі­летіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады. Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әде­тімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шо­лулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақ­тауға елеулі үлес қосып келеді. Мен сү­йікті Отанымыздың игілігі үшін бар­лық салада табысты еңбек етіп жүрген мықты азаматтар туралы мәліметтерді көбіне­се газеттерден ала­мын», – деді Президент.

Президенттің бұл пікірі журналис­тиканың бүгінгі миссиясымен толық үндеседі. Ақпараттық кеңістікте жасанды интеллект, әлеуметтік желі және түрлі цифрлық платформалар үстемдік құр­ғанымен, қоғам әлі де кәсіби сүзгіден өткен, дәлелге негізделген, жауапкер­шілікпен дайындалған материалға мұқ­таж. Өйткені уақыт өткен сайын жаңа­лықтың емес, оның ақиқаттығы мен сапасының құны артып келеді.

Бұл ұстаным Мемлекет басшысының Бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­керлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде де айқын көрініс тапты. Прези­дент журналист ең алдымен қоғам алдын­дағы жауапкершілігін сезінуі қажет екенін айтып, ақпарат құралдарының ел болашағына әсер ететін күш екенін ерек­ше атап өтті.

«Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс. Олар шындықты боямасыз көрсететін айна болуы керек. Сонымен қатар ұлтты өркениетке жете­лейтін ағартушылық жолдағы шамшы­раққа айналуы қажет. Біз біртұтас ұлт болып, заманауи мемлекет құрып жа­тырмыз. Бірақ бұл төл құндылық­та­ры­мыздан қол үзу деген сөз емес. Сол құн­дылықтарды жаңғырту ісінде жур­налистер қауымына зор үміт артамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл сөздер журналистиканың қо­ғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындап берді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне мемлекет деңгейінде ерекше көңіл бөлінуі де осы жауапкер­шіліктің маңызын аңғартады. Соның жарқын көрінісі – 28 маусымның кәсіби мереке ретінде белгіленуі. Бұл мереке 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ресми түрде кәсіби мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Датаның таңдалуы да кездейсоқ емес. Себебі дәл осы күні, 1997 жылғы 28 мау­сымда тәуелсіз Қазақстанның ақпарат кеңістігінің құқықтық негізін қалаған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» алғашқы заң қабылданған болатын.

Бүгінде сол заң қазақ журналистика­сының жаңа кезеңге өтуіне жол ашты. Ақпарат тарату, сөз бостандығы, редак­циялық жауапкершілік, қоғам алдындағы кәсіби міндет секілді ұғымдар осы құқықтық негіз арқылы орныға бастады. Содан бері отандық медиа талай өзгерісті бастан өткергені рас. Газет дәуірінен телеарна дәуіріне, одан интернет журналистикасына, қазір әлеуметтік желі мен жасанды интеллект ықпал еткен жаңа медиа кеңістігіне аяқ басты. 

Қазақша контент күш алып келеді

Қазақ журналистикасы қашанда ұлт мұратына қызмет етіп келеді. Оның та­мырында ағартушылық та, елдік те, жа­уапкершілік те бар. Бір кездері ұлт зия­лылары баспасөзді халықты оятудың құралы етсе, бүгінгі журналистер ақпарат тасқынының ішінде қоғамға бағыт-бағдар беретін сенімді арнаға айналуға тиіс. Себебі қазіргі оқырман мен кө­рермен бұрынғыдан әлдеқайда талғампаз. Ол тек жаңалық оқымайды, оның аста­рындағы мәнді іздейді. Тек дерек емес, түсіндіруді күтеді. Тек жылдамдық емес, сапа талап етеді.

Бүгінде елімізде ресми тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының саны 4 800-ден асады. Оның ішінде мерзімді баспасөз де, телеарналар мен радиолар да, ақпараттық агенттіктер мен интернет-басылымдар да бар. Бұл – Қазақстанда ақпарат кеңістігінің кеңейгенін, медиа нарықтың сан салалы сипат алғанын көрсетеді. Әсіресе кейінгі жылдары ин­тернет-басылымдар мен цифрлық платформалардың ықпалы күшейді. Ақпарат енді тек газет бетінде немесе теледидар экранында өмір сүрмейді. Ол смартфонға көшті, әлеуметтік желіге енді, қысқа видеоға, подкастқа, тікелей эфирге айналды.

Осындай өзгерістер кезеңінде қазақ тіліндегі ақпараттың үлесі артып келе жатқаны – ерекше назар аударатын құбылыс. Қазақ тілі бүгінде тек дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, цифрлық кеңістіктің де негізгі тіліне айналып келеді. 

Бұл мәселе жуырда Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комис­сияның отырысында кеңінен талқы­ланды. Жиында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бүгінде бұқаралық ақпарат құ­ралдарындағы онлайн материалдардың 78 пайызы қазақ тілінде жарияланады. Интернет-ресурстардың шамамен 60 пайызы мемлекеттік тілде жұмыс істейді, ал отандық телеөнімдердің 70 пайыздан астамы қазақ тілінде эфирге шығады. Бұл көрсеткіштер қазақ тілінің ақпараттық кеңістіктегі орны жылдан-жылға ны­ғайып келе жатқанын аңғартады.

Аида Балаева мемлекеттік тілдегі контенттің үлесімен қатар, оның сапа­сына басымдық беру қажеттігін айтты. Министрдің айтуынша, ендігі міндет – қазақ тіліндегі ақпараттың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, бұқаралық ақ­парат құралдарында әдеби тіл норма­ларын, сөз мәдениеті мен стильдік та­лаптарды қатаң сақтау. Сонымен бірге отан­дық кино өнімдерінің тілдік сапа­сына тұрақты бақылау жүргізу және мемлекеттік тілдегі мазмұнның деңгейін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. 

Баспана – БАҚ-қа арналған игі бастама

Мемлекет тарапынан журналист мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадамдар да жүйелі жалғасып келеді. Кейінгі жылдары кәсіби мереке қарса­ңында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне баспана кілтін табыстау игі дәстүрге айналды. Егер бұрын бұл қолдау негізінен елордадағы журна­лис­терге көрсетілсе, биылдан бастап оның ауқымы кеңейіп, өңірдегі қаламгерлер де қамтылатын болды. Бұл – ақпарат май­данының алдыңғы шебінде жүрген әрбір журналистің еңбегі қай өңірде жүрсе де бірдей бағалануға тиіс деген ұстанымның көрінісі.

Ақордада өткен БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ журналисти­­ка­сының қай кезеңде де ұлттың рухани тірегіне айналғанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы аға буынның ағар­тушылық дәстүрі бүгінгі журналистердің қызметінде де жалғасып келе жатқанын айтып, олардың қоғам алдындағы жауап­кершілігіне жоғары баға берді.

– Қазақ журналистикасының тари­хына көз жүгіртсек, қай уақытта да ұлт мүддесін бәрінен биік қойған тұлғаларды көреміз. Олар халықтың санасын оятып, елдің еңсесін тіктеуге қызмет етті, білім мен ғылымды насихаттап, ағартушылық миссияны абыроймен атқарды. Бүгінгі журналистер сол игі жолды лайықты жалғастырып келеді. Ақпараттың дәлдігі мен әділдігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы журналист ең­бегін бағалау тек марапатпен шектелмеуі керектігін де айтты. Оның пікірінше, қоғам үшін маңызды міндет атқаратын ақпарат саласы қызметкерлерінің әлеу­меттік жағдайын жақсарту – мемлекеттің тұрақты назарындағы мәселе. Осыған байланысты биыл алғаш рет облыстарда еңбек етіп жүрген журналистерге де баспана беру туралы шешім қабылданды.

– Жыл сайын кәсіби мереке қар­саңында журналистерге баспана кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Кейінгі үш жылда Астананың өзінде екі жүзге жуық медиа қызметкері жаңа қо­ныс­қа ие болды. Енді бұл қолдау тек елор­дамен шектелмеуі керек деп са­най­мын. Аймақ­тарда жүріп сапалы ақпарат таратып, ел үшін аянбай еңбек етіп жүр­ген тілші­лердің де еңбегі жоғары ба­ға­лануға ла­йық. Сондықтан менің тапсыр­мам­мен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істей­тін журналистерге де пәтер кілті та­быс­талады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл бастама өңірлік журналистиканы қолдаудың жаңа кезеңін білдіреді. Себебі ел өміріндегі маңызды оқиғалардың басым бөлігі дәл аймақтарда басталады. Халықтың мұң-мұқтажын, өңірдің ты­ныс-тіршілігін, ел ішіндегі өзекті мәсе­лелерді республикаға жеткізіп жүрген де – сол жергілікті тілшілер. Сондықтан олардың еңбегіне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуі – ақпарат саласының дамуына жасалған маңызды инвестиция. Биыл республика бойынша 66 медиа қызметкерінің баспаналы болуы осы қам­қорлықтың нақты нәтижесіне айналып отыр.

Құрметке лайық қаламгерлер

Журналист үшін ең үлкен марапат – оқырманның сенімі. Бірақ мемлекет өз өмірін ақпарат саласына арнаған аза­маттардың еңбегін бағалауды да назардан тыс қалдырмай келеді. Кейінгі екі жыл­дың өзінде бұған бірнеше жарқын мысал болды. Өткен жылы қазақ журналис­тикасының ардагері Сауық Жақанованың көп жылғы еңбегі лайықты бағаланса, биылғы марапаттың мәні тіпті бөлек еді. Бір ғасырдан астам ғұмыр кешкен, қазақ телевизиясының алғашқы қарлығаш­тарының бірі, ана тіліміздегі тұңғыш эфирді жүргізген Зұлқия Жұматова 106 жасында мемлекеттік наградамен ма­рапатталды.

Бұл – бір ғана адамның мерейі емес, қазақ телевизиясының тұтас тарихына көрсетілген құрмет болатын. Себебі эфирден алғаш рет қазақша сөйлеген сол буын кейінгі мыңдаған журналистің жолын ашты. Олар ақпарат таратып қана қойған жоқ, ұлттық телевизияның мектебін қалыптастырды, қазақ сөзінің экрандағы мәдениетін орнықтырды.

Ақордадағы салтанатты рәсімде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сабақтастыққа арнайы тоқталды.

– Бүгін мен журналистика мен теле­визияның дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қой­дым. Олардың қатарында бүкіл саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагерлер бар. Ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген Зұлқия Жұматова бүгінде 106 жасқа келді. Халқымыз бұл кісіні ерекше құр­меттейді. Сондықтан Зұлқия Мұқан­қызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым, – деді Мемлекет басшысы.

Мерейі үстем медиа

Еңбекті бағалау мұнымен шектелген жоқ. Биылғы марапаттар тізімі де медиа саласының әр буыны назардан тыс қалмайтынын аңғартты. Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар журналист пен шығармашылық ұжым­дар жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Президенттің Алғысхатына ие болғандардың қатарында отандық теле­визияның көшбасшы арналарының бірі «Астана» телеарнасының ұжымы да бар. Бұл марапат жылдар бойы қалыптасқан кәсіби мектепке, күн сайын эфир үшін еңбек ететін журналистердің, редактор­лардың, операторлар мен режиссер­лердің ортақ жұмысына берілген баға екені анық. Марапатқа ие болғандар қатарында республикалық басылымдар да болды. 

Дәстүрлі парламенттік байқаулар да биыл ерекше мазмұнмен өтті. Парламент Сенаты ұйымдастырған «Парасат» байқауында «Мерзімді баспасөздегі үздік материал» аталымы бойынша AIQYN газеті бас редакторының орынбасары, журналист Гүлзина Бектас жеңімпаз атанды. 

Сондай-ақ Парламент Мәжілісі биыл оныншы рет ұйымдастырып отырған «Парламент сөзі» байқауында «Айқын-Литер» ұжымына арнайы номинация табысталды. Он жыл ішінде бұл беделді сыйлық 150-ден астам журналистің еңбегін елеп, парламенттік журналис­тиканың өзіндік мектебін қалыптастыруға үлес қосты. Биылғы марапаттар сол дәстүрдің заңды жалғасына айналды. Ең бастысы, заң шығарушы билік пен қоғам арасындағы сенімді байланысты нығай­туда кәсіби журналистиканың орны айқын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Сапалы контентке сұраныс та жоғары

Биылғы марапаттардың тағы бір ерек­шелігі – мемлекет назарында тек дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, қоғамға пайдалы мазмұн ұсынып жүрген жаңа медианың өкілдері де болғаны. Бұл соңғы жылдары ақпа­раттық саясатта қалыптасып келе жатқан жаңа үрдісті аңғартады. Ең басты талап – аудитория­ның көптігі емес, қоғамға берер пайдасы, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі және сапалы контент қалыптастыру.

Соның айқын мысалы – Президенттің БАҚ саласындағы грантына ие болған Sayahat Time жобасының авторы Жазира Байдалы. Көпшілікке Ернар Алмабек пен Жазира Байдалының отбасылық жобасы ретінде танылған бұл арна бір­неше жылдың ішінде Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттайтын ең танымал қазақтілді медиажобалардың біріне айналды. Олар ел картасында көпшілік біле бермейтін тарихи орын­дарды, ұлттық мұраны, шалғай ауылдар­дың тыныс-тіршілігін көрсетіп қана қоймай, туған жерге деген қызығушы­лықты арттыруға үлес қосып келеді.

Бұл марапаттың астарында маңызды белгі жатыр. Бұрын мемлекеттік сый­лық­тар негізінен классикалық журналистика өкілдеріне беріліп келсе, бүгінде цифр­лық кеңістікте елдің мәдениеті мен та­рихын, туризмін, отбасы құндылықтарын және ұлттық болмысты насихаттап жүр­ген контент авторлары да мемлекеттік деңгейде мойындала бастады. Бұл ақпараттық саясаттың өзгеріп жатқанын ғана емес, қоғамға оң ықпал ететін маз­мұнның қай платформада жарияланса да, бағаланатынын көрсетеді.

Мұндай қадам қазіргі медианың таби­ғатына да толық сай келеді. Өйткені бүгін ақпаратты тек газеттен немесе телеар­надан ғана емес, YouTube, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардан тұтынатын үлкен аудитория қалыптасты. Сондықтан сапалы әрі тәрбиелік мәні бар контентті қолдау – уақыт талабы. Биылғы марапаттар осы ұстанымның нақты көрінісіне айналды.

«Қаламы» қуатты ел озар

Қазіргі геосаяси жағдайда ақпарат жай ғана жаңалық таратудың құралы емес. Ол – қоғамдық тұрақтылыққа ықпал ететін, ұлттық бірегейлікті ны­ғайтатын әрі мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін страте­гиялық ресурс. Сондықтан медиаға са­лынған инвестиция – ең алдымен елдің болашағына салынған инвестиция.

Қолға алынған бастамалар ақпарат саласына деген мем­лекеттік көзқарастың жаңа деңгейге көте­рілгенін көрсетті. Журналист еңбе­гінің лайықты бағалануы, сала ардагер­леріне көрсетілген құрмет, өңірлік БАҚ-ты қолдау, әлеуметтік бас­тамалардың кеңеюі, қазақтілді әрі сапа­лы цифрлық контенттің ынталандыры­луы – мұның бәрі медианы қоғамдық дамудың маңыз­ды институты ретінде қабылдаудың нақты көрінісі.

Қазақ журналистикасы бүгін дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра білген жаңа кезеңге қадам басты. Ақпараттың дәлдігі, сөздің жауапкершілігі және кә­сіби ұстаным қай кезде де журналистика­ның басты өлшемі болып қала береді. Ал мемлекет пен медиа бір мақсатқа – қо­ғам­ның ақпараттық мәдениетін нығай­туға қызмет еткен жерде елдің де еңсесі биік, ақпараттық кеңістігі де берік болады.

Кәмила ДҮЙСЕН