Украина Ресейдің екі мұнай өңдеу зауытына соққы берді: Зеленский мән-жайын айтты

Украина Ресейдің екі мұнай өңдеу зауытына соққы берді: Зеленский мән-жайын айтты

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, 28 маусымға қараған түні украин күштері Ресей аумағындағы екі мұнай өңдеу зауытына соққы жасаған. Оның бірі — Краснодар өлкесіндегі «Славянский» мұнай өңдеу зауыты. Зеленский бұл нысанның майдан шебінен шамамен 300 шақырым жерде орналасқанын айтты.

Украина президентінің мәліметінше, екінші нысан Ярославль облысындағы мұнай өңдеу зауыты болған. Ол Украина шекарасынан шамамен 700 шақырым қашықта орналасқан. Зеленский бұл соққыларды Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндігін әлсіретуге бағытталған операциялар деп атады.

«Әрбір алыс қашықтықтағы соққы — Ресейдің әскери машинасына жұмыс істейтін ресурстарды азайту және бейбітшілікке тағы бір қадам», — деді Украина президенті.

Бұған дейін, 27 маусымға қараған түні Ресейдің Волгоград қаласына да зымыран соққысы жасалғаны хабарланған. Ашық дереккөздерді талдайтын OSINT сарапшыларының мәліметінше, шабуылға «Титан-Баррикады» зауыты ұшыраған болуы мүмкін. Бұл кәсіпорын Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніндегі маңызды нысандардың бірі саналады.

Әлеуметтік желілерде шабуыл кезінде зымыран ұшып бара жатқан сәт түсірілген видеолар тарады. Кей деректерде соққы Украинада жасалған алыс қашықтыққа ұшатын «Фламинго» зымырандарымен жасалуы мүмкін екені айтылды