Павлодарда полицияның қызметтік көлігін заңсыз айдап кеткен ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқиға кезінде бірнеше патрульдік экипаж күдіктінің соңынан қуған. Әлеуметтік желіде түнгі уақытта түсірілген бейнежазба тарады. Кадрларда бірнеше полиция көлігінің бір патрульдік көлікті қуып келе жатқаны байқалады.
Куәгерлердің айтуынша, белгісіз адам полицияға тиесілі қызметтік көлікті айдап кеткен. Кейін Павлодар облысының Полиция департаменті бұл ақпаратты растап, күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалған. Оның бірі дүкеннен ұрлық жасау фактісі бойынша, екіншісі қызметтік көлікті айдап кету дерегі бойынша тергеліп жатыр.
«Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мас күйде болған. Ол ұрлық жасағаннан кейін полицияның қызметтік көлігін алып, қозғалыс кезінде жол-көлік оқиғасына түскен. Оқиға Назарбаев – КазПравда көшелерінің қиылысында болған.
Зардап шеккендер жоқ. Полиция күдіктінің әрекет ету себептері мен оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар қызметтік көліктің қалай ұрланғанына байланысты полиция ішінде қызметтік тексеріс басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаға жауапты тұлғалардың әрекетіне де құқықтық баға беретін болады.