Балаларға қолжетімді бұқаралық спортқа мойын бұрған жөн – Тоқаев

Балаларға қолжетімді бұқаралық спортқа мойын бұрған жөн – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бәріміз бірге жұмыла күрессек, коронавирусты жеңетінімізді айтты.

«Коронавирусқа шалдыққан екі азаматымыз емделіп, ауруханадан шығады. Жалпы, елдегі эпидемиялық жағдай бақылауда. Бәріміз бірге жұмыла күрессек, індетті жеңеміз. Ең бастысы – уайымдамай, дәрігерлердің талаптарын орындау», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.
Сонымен қатар Президент коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан қызметкерлерге алғыс білдірді.
«Халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерге ризашылығымды білдіремін. #Birgemiz!», – деді Президент.
Сондай-ақ Президент Токио Олимпиадасына қатысты да пікір білдірді. «Жапония премьер-министрі С.Абэ мен Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиада ойындарын кейінге қалдыру туралы шешімін толық қолдаймын. Жалпы, Олимпиада ойындарының мән-маңызын қайта қарау қажет. Оған қыруар қаржы жұмсалады. Балаларға қолжетімді бұқаралық спортқа мойын бұрған жөн», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.