Форум барысында жарияланған деректер саланың дамып келе жатқанын көрсеткенімен, теңіз экожүйесіне төнген қауіптердің де азаймағанын аңғартты.
Каспий – тек табиғи байлық емес, миллиондаған адамның күнкөріс көзі. Қазақстандағы жыл сайын ауланатын 50 мың тонна балықтың 19 мың тоннадан астамы Жайық-Каспий бассейнінің үлесіне тиесілі. Сондықтан Атырау облысы елдің балық шаруашылығындағы стратегиялық өңір саналады.
Алайда кейінгі жылдары Каспий теңізінің тартылуы, климаттың өзгеруі, өндірістік қысымның артуы және браконьерлік сынды факторлар балық қорына елеулі қауіп төндіріп отыр. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, өңірде бекіре тұқымдас балықтарды қолдан көбейту, ғылыми зерттеулерді жетілдіру және Каспий теңізі бассейнінің биологиялық әртүрлілігін сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
– Біз акваөсіруді дамыту азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және саланың экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз. Өңірде бекіре тұқымдас балықтарды қолдан көбейту, ғылыми зерттеулерді жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда, – деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің мәліметінше, соңғы төрт жылда еліміздегі балық өсіру шаруашылықтарының саны төрт есеге артып, 700-ге жеткен. Қазір Қазақстанда жылына 26 мың тоннаға дейін албырт және бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі.
Мемлекет қабылдаған «Акваөсіру туралы» заң мен 2030 жылға дейінгі салалық бағдарлама инвестиция тартуға жол ашты. Соның нәтижесінде бүгінде Атырауда жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатын 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Олардың арасында Махамбет ауданындағы «А-Дана» шаруашылығы жылына 15 миллион дана бекіре шабағын өндіруге қабілетті кешен қалыптастырса, Томарлы ауылындағы Caspian Royal Fish кәсіпорны жылына 100 тонна бекіре балығын және бір тонна азықтық уылдырық өндіреді. Каспий теңізінде норвегиялық технология арқылы форель өсіріп отырған Organic Fish жобасы да саладағы тың бастамалардың бірі. Оның қуаты жылына 5 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Каспийдің басты байлығы саналатын бекіре тұқымдас балықтардың жағдайы әлі де күрделі. Серік Сермағамбетовтің айтуынша, 2017 жылдан бері Каспий маңы мемлекеттері бекіре балығын кәсіптік аулауға толық тыйым салған. Соған қарамастан табиғи популяцияны қалпына келтіру үшін жасанды көбейту жұмыстары жалғасып келеді.
Кейінгі 30 жылда Қазақстан Каспий теңізіне 180 миллионға жуық бекіре шабағын жіберген. Атырау бекіре балық өсіру зауыты жыл сайын 5-6 миллион шабақты табиғи ортаға жібереді. Зауыт директоры Болат Мұхатжиевтің айтуынша, табиғи көбеюдің төмендеуі мен өндірістік жүктеменің артуы жаңа тәсілдерді қажет етеді.
Форумда жарияланған ең алаңдатарлық деректердің бірі Каспий итбалығының санына қатысты болды. Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің мәліметінше, өткен ғасырдың басында саны 1 миллионнан асқан теңіздің жалғыз эндемигі бүгінде шамамен 270 мың басқа дейін азайған. 2024 жылы ғана Қазақстан секторынан екі мыңнан астам өлі итбалық табылған.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы