Кеген өлкесін ән мен жырға бөлеген мереке биыл бесінші мәрте өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында этнофестиваль ғасырлар қойнауынан жеткен қазақтың асыл мұрасын қайта жаңғыртуға үлес қосып келеді. Биылғы дәстүрлі думанға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелден 35 мыңға жуық қонақ келді.
Салтанатты жиында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, Президенттің ыстық ықыласы мен ақжарма тілегін жеткізді. Өз сөзінде ол ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ата дәстүрді жаңғыртуға бағытталған мұндай тағылымды іс-шараларға Мемлекет басшысы әрдайым ерекше қолдау көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ Кеген төрінде өтіп жатқан «Қымызмұрындық» мерекесі ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын бекемдей түсетін маңызды мәдени алаң екенін қоса айтты.
– «Қымызмұрындық» мерекесінің еліміздің әр өңірінде қайта жаңғырып, халықпен қауышып жатқаны ерекше қуантады. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мұндай мерекелерге туристердің қызығушылығы да артып келеді. Хантәңірі баурайының сұлу табиғаты, Қарқара жайлауының көркем келбеті мен Мыңжылқы өңірінің қайталанбас сұлулығы кез келген жанды тәнті ететіні сөзсіз. Кереге таулы киелі Кеген жерінде өтіп жатқан бұл мереке ұрпақтар арасындағы рухани байланысты бекемдеп, ата дәстүрдің өміршеңдігін айқындай түседі. Осындай қасиетті өлкеде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» мерекесі елдік сананы нығайтуға қызмет етіп, қазақ халқының бай мәдени мұрасын әлемге танытуға зор үлес қосады деп сенемін, – деді Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Сондай-ақ іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Қымызмұрындық» – Кеген өңірінің ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мәдени болмысын айшықтайтын бірегей жоба екенін негізге алды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өңірдің туристік әлеуетін танытуға қызмет етіп келе жатқан аталмыш фестиваль биыл республикалық маңызы бар мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Бұл – мерекенің ел көлеміндегі маңызын айшықтай түсетін маңызды қадам.
– Бүгінде Алматы облысы табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасын тиімді ұштастыра отырып, туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Өткен жылы өңірімізге 2,5 миллионнан астам турист келді. Бұл көрсеткіш облыстың бірегей табиғаты мен бай тарихи мұрасына деген қызығушылықтың жылдан-жылға өсіп келе жатқанын аңғартады. Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Хантәңірі баурайы, Қарқара жайлауы секілді табиғаттың інжу-маржандары қазір Алматы облысының ғана емес, тұтас Қазақстанның халықаралық деңгейде танылған туристік нысандарына айналды. Біздің басты мақсатымыз – туристер санын арттырумен шектелмей, олардың туған өлкеміздің табиғатын, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін терең танып, ұмытылмас әсермен оралуына жағдай жасау. Осыған орай өңірде экотуризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Қазіргі кезеңде Алматы облысы шетелдік туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша ел көлемінде үшінші орында тұр. Алғашқы екі орында Алматы және Астана қалалары көш бастаған. Жоғарыда аталып өткендей, былтыр облысқа 2,5 миллионнан астам турист келген. Бұл көрсеткішке өңірде түнеп, бірнеше күн демалған қонақтар енген. Ал бір күндік сапармен келіп-кететін туристердің саны бұдан да көп.
Ұлт мұрасын ұлықтаған мерекеге жиналғандардың арасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, түркі дүниесінің әр тарапынан жиналған қонақтар да бар. Жиында Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан Республикасынан арнайы келген қонақтар көшпенділер мәдениетімен танысты.
– Бүгін «Қымызмұрындық» мерекесінің куәсі болғаныма қуаныштымын. Ең алдымен, осындай тағылымы мол шараға халықтың көптеп жиналғаны ерекше әсер қалдырды. Бұл – ұлттық дәстүрге деген құрметтің, төл мәдениетке деген ықыластың көрінісі деп ойлаймын. Қазақстанда осындай мазмұнды мерекелердің жиі ұйымдастырылғанын қолдаймын. Мереке барысында қымыздан дәм татып көрдім. Қымыздың дәмі ерекше ұнады. Бұл – менің осындай форматтағы шараға алғаш рет қатысуым. Фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны байқалады. Ал ең ерекше әсер қалдырғаны – мерекенің өткен орны. Көз сүріндірер көркем табиғаты думанның ажарын одан сайын аша түскендей. Осындай табиғат аясында ұлттық мәдениетпен танысу мен үшін ұмытылмас әсер сыйлады, – деді Мәскеуден арнайы келген мейман.
Мерекеге жиналған жұртшылыққа рух сыйлаған ерекше сәттің бірі – Мыңжылқы төсін дүбірлеткен мың жылқының шеруі. Табиғат пен көшпенділер мәдениеті астасқан бұл көрініс қазақ халқының жылқы түлігімен біте қайнасқан өмір салтын тағы бір мәрте айшықтап берді.
Сонымен бірге мереке аясында ұйымдастырылған ұлттық спорт жарыстары да көрерменді бейжай қалдырмады. Әсіресе, екі жүзге жуық жүйрік бақ сынаған аламан бәйге қызу тартысқа толы өтті. Сәйгүліктердің шабысын тамашалаған жұртшылық жарыс соңына дейін тақым қысып отырды. Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпазға Jetour X70 FL Prestige автокөлігі табысталса, жүлделі орындарға ие болған шабандоздар да қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Одан өзге фестиваль аясында ұйымдастырылған «Түйе палуан» сайысы да халықтың қызығушылығын тудырды. Күш пен қайрат сынға түскен додада балуандар өзара мықтыны анықтап, үздіктер арнайы марапаттарға ие болды. Ал «Қошқар көтеру» сайысында қатысушылар өздерінің қарым-қабілеті мен төзімділігімен тәнті етті. Дәстүр бойынша қошқарды ең көп көтерген спортшы оны өз қанжығасына байлады. Бұдан бөлек, қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат, қой қырқу сынды ұлттық ойындар мен дәстүрлі сайыстар ұйымдастырылды.
Биылғы дәстүрлі думан қазақтың көреген абызы Әлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай абыз баба рухына Құран бағышталып, ас берілді. Қарқара жайлауында өткен фестиваль барысында 250 киіз үй тігіліп, 2 тонна қымыз ұсынылды. Қонақтар этноауылды аралап, қолөнер көрмелері мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесін тамашалады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ