Тек өткен демалыс күндері ғана Ақмола облысында су айдындарында төрт бірдей адамның өмірі қиылды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда тіркелсе, бірнеше жағдайда марқұмдардың алкогольдік ішімдік ішкені анықталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, үш адам арнайы шомылуға рұқсат етілмеген су айдындарында суға батып кеткен.
– Қайғылы жағдайлар Көкшетау қаласындағы Қопа көлінде, Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылы маңындағы Сарқырама өзенінде, сондай-ақ Шортанды ауданының Төңкеріс ауылы жанындағы су қоймасында болған. Осы оқиғалардың екеуінде көз жұмған азаматтардың жағалауда спирттік ішімдік ішкені мәлім болды, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Тағы бір қайғылы жағдай Целиноград ауданындағы демалыс орындарының бірінде тіркелген. Алкогольдік мас күйде болған ер адам бассейнге құлап, оқиға орнында көз жұмған. Бірқатар дерек бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалғаны белгілі болды.
Ведомство дерегіне сәйкес, шомылу маусымы басталғалы бері Ақмола облысының су айдындарында барлығы 11 адамның қаза болу фактісі тіркелген.
Осыған байланысты Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Құтқарушылар тұрғындарға мас күйінде суға түспеуге, тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана демалуға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.
– Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар. Демалыс қайғыға ұласпасын», – деп ескертті Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы