Алматыда ұрлық жасаған бір отбасының үш келіні ұсталды

Қылмыстық топ негізінен азаматтардың ұялы телефондарын, қолма-қол ақша мен алтын бұйымдарын жымқырып келген.

Алматыда қалта ұрлығымен айналысқан ерекше отбасылық қылмыстық топ құрықталды. Қылмыстық схеманы бір отбасының үш келіні жүзеге асырған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

​Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыстық топтың үшінші қатысушысы ұсталды. Бұған дейін оның екі сыбайласы қолға түскен болатын. Қазір күдіктінің үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

​Тергеу нұсқасы бойынша күдікті әйелдер өзара рөлдерді алдын ала бөліп алған. Олар ұрлық жасау үшін адам көп жиналатын орындарды таңдаған: қала базарлары, қоғамдық көліктер және халық тығыз шоғырланатын өзге де қоғамдық орындар.

​Полиция қызметкерлерінің жинақтаған дәлелдемесіне сәйкес, ұсталған келіндердің Алматы аумағында жасалған дәл осындай ондаған қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазір деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары қызу жүріп жатыр.