Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық – Тоқаев

Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанына қарамастан біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртуды қолға алғанын тілге тиек етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Akorda-ға сілтеме жасап.

«Халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанын көріп, біліп отырсыздар. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр.
 
Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін.
 
Бі рақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет»,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.