Президент барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына ризашылығын білдірді

Жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады.

Президенттің айтуынша, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар.

Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын» деп еш ұялмай айта алады.

Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті.

Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өзгертетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп бердіңіздер.

Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер.

Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады.

Нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие боды.

Жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады.

Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді.

Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады.

Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді.

Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.