Халық кеңесі мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің басын біріктіреді – Тоқаев

Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Akorda-ға сілтеме жасап
 
Сондықтан Мемлекет басшысы жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық кеңесін құруды ұсынған.

– Қазақстан Халық кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясында тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады.

Халық кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы.
 
Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады. Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы, – деді Президент.

Оның айтуынша, халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі 30 жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келген. Соңғы жылдары ғана саяси тәжірибеге енгенін сөз етті.

– 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті. Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек.
 
Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастарды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз. Алайда реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.