Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Отандық медицина саласы да дамып келеді. Жалпы, 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны ашылды.
Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан осы аймақта көш бастап тұр. Бұл ел дамуының нақты көрінісі екені сөзсіз.
Азаматтардың бәріне сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық медициналық көмек алуға кепілдік берілген.
Бұдан бөлек, отандастарымызға нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі ең жоғары технологиялық медициналық ем-шаралардың барлығы қолжетімді.
Сонымен қатар қоғамға қызмет ету жолын таңдағандардың алаңсыз еңбек етуіне лайықты жағдай жасап жатырмыз. Нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыра береміз.
Мұғалімдердің, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді.
Соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты»,-деді Президент.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы:
«Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің көпдеңгейлі жүйесі жолға қойылған. Бұл көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Көмек «Отбасының цифрлық картасы» технологиялық шешімі арқылы көрсетіледі.
Парламент депутаттарының табандылығы арқасында зиянды өндірісте еңбек ететіндердің мәселесі шешілді. Бұл жиі көтеріліп, әбден жауыр болған түйткіл еді.
Енді өндіріс еңбеккерлері әлеуметтік төлем алуға, 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін жеңілірек жұмысқа ауысуға заң жүзінде қақылы.
Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға, ойынқұмарлыққа, есірткі қылмысына және кибералаяқтыққа қарсы күрес шараларына қатысты қабылданған заңнамалық шешімдеріңіз жұртшылықтың кең қолдауына ие болды.
Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – жоғары конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу»,- деді.