Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне алғыс білдірді

Бұл туралы Ақорда жазды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Сондай-ақ бүгін мен «AMANAT» партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын. Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер.

Саяси ұйымның таяуда өткен съезінде «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл тарихи шешімді қолдаймын.

Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз.

Түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз  – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру.

Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек.

Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз.

Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!

Қазақ елі мәңгі жасасын!», –  дейді Президент.