Қазақстан жасанды интеллектіні сауда саласына енгізуді күшейтеді

Кездесу барысында Dr. Kai-Fu Lee жасанды интеллектіні қолдану арқылы ұйымдарды цифрлық трансформациялаудың заманауи тәсілдерін бөлісті.

Бүгін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, жасанды интеллект саласындағы әлемге танымал сарапшы, компьютерлік ғылымдар докторы (Ph.D.), 01.AI компаниясының негізін қалаушы Dr. Kai-Fu Lee-мен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесу барысында тараптар сауда саласын цифрлық тұрғыдан жаңғырту, ішкі және сыртқы сауданы дамыту, электрондық коммерцияны кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі сауда саясаты тұжырымдамасына сәйкес министрлік мемлекет, бизнес және тұтынушылардың өзара іс-қимылын жасанды интеллект негізінде біріктіретін бірыңғай цифрлық сауда экожүйесін қалыптастыруда. Бұл бастама цифрлық сервистерді бір ортаға тоғыстырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, сауда үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, шешім қабылдау мерзімін жеделдетуге, сондай-ақ ішкі және сыртқы сауданы, электрондық коммерцияны және шикізаттық емес экспортты дамытуға тың серпін береді.

Кездесу барысында Dr. Kai-Fu Lee жасанды интеллектіні қолдану арқылы ұйымдарды цифрлық трансформациялаудың заманауи тәсілдерін бөлісті. Ол жекелеген ІІ шешімдерін енгізумен шектелмей, деректерге негізделген, интеллектуалды талдауды қамтитын және DRI (Directly Responsible Individual) қағидатына сүйенетін біртұтас басқарылатын экожүйе құрудың маңызын атап өтті. Бұл қағидат бойынша әрбір бастамаға оның нәтижесіне тікелей жауап беретін бір ғана жауапты басшы бекітіледі. Сонымен қатар тараптар сауда саласындағы мемлекеттік басқаруды жетілдіру, шешім қабылдауды қолдау, цифрлық сервистерді дамыту және ішкі әрі сыртқы сауданың тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллектіні пайдалану мәселелерін талқылады.

Кездесуде Stanford AI Index Report 2026 баяндамасында көрсетілген жасанды интеллектінің жаһандық даму үрдістері де сөз болды. Құжатта технологиялардың қарқынды дамуына қарамастан, оларды ұйымдардың күнделікті қызметіне кеңінен енгізу негізгі міндеттердің бірі екені атап өтілген. Осыған байланысты мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолдану, деректерге негізделген сервистерді дамыту және ашық үлгідегі жасанды интеллект модельдерін практикалық міндеттерді шешуге пайдалану жолдары қарастырылды.

Кездесу қорытындысында тараптар 01.AI компаниясының заманауи жасанды интеллект шешімдерін сауда саласына енгізу, сарапшылық тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ министрлік қызметкерлерін оқыту мерзімдері мен Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың негізгі кезеңдері айқындалды.