Ұлттық ұланда қару-жарақ пен әскери техниканың дайындығы тексерілді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде қару-жарақ пен әскери техниканы байқау аяқталды.

Іс-шара биылға арналған жауынгерлік және жедел дайындық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бірнеше күн бойы мамандар броньды техника мен арнайы автокөліктердің техникалық жай-күйін бағалап, олардың толық жарақталуын, сыртқы жағдайын және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын тексерді. Сондай-ақ пайдалану құжаттамасының болуы мен оның талапқа сай жүргізілуіне ерекше назар аударылды.

Құқықтық тәртіп әскерлері үшін қару-жарақ пен әскери техниканың техникалық жарамдылығы айрықша маңызға ие. Себебі бұл бөлімшелердің жедел қимылдау қабілетіне, қойылған міндеттердің уақытылы орындалуына және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Техникалық байқау барысында мамандар әрбір техника бірлігінің жай-күйін мұқият зерделеп, оны пайдалану және техникалық қызмет көрсету талаптарының сақталуын жан-жақты тексерді. Мұндай жүйелі бақылау ықтимал кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларды жоюға, сондай-ақ техниканың тұрақты әзірлік деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұрақты өткізілетін техникалық тексерулер қару-жарақ пен әскери техниканың сенімді әрі жарамды күйде сақталуына ықпал етіп, жеке құрамның сеніп тапсырылған мүлікке деген жауапкершілігін арттырады және әскери тәртіптің нығаюына негіз болады.