Цифрлық технологиялар – партия жұмысының негізгі құралы

«Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай Sinova­tion Venture жасанды интеллект институтының президенті, доктор Ли Кай-Фумен кездесті. Тараптар партия жұмысының тиімділігін арттыру және азаматтармен өзара байланысты нығайту мақсатында заманауи цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.

Жуырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды енгізу қадамы мем­лекеттік басқару мен заң шығару қызметін жетілдірудің негізгі бағыт­тарының біріне айналуға тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, болжамды сараптаманы, Үлкен дерекқорды және заманауи цифрлық құралдарды пайдалану барысы қабылданатын шешімдердің сапасын арттырып, азаматтардың маңызды бастамаларды талқылауға қатысу мүмкіндігін арттырады.

Кездесу барысында Айбек Дәдебай «Әділет» партиясы өз жұмысын заманауи цифрлық шешімдерді пайдалану арқылы жүргізіп жатқанын айтып, жасанды интеллектіні азаматтармен кері байланыс орнату сапасын арттыру құралы ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Біз азаматтарға бағдарланған заманауи саяси ұйым құрып жатырмыз. Біз жасанды интеллектіні тек әкімшілік қажеттіліктер үшін пайдаланғымыз келмейді. AI бізге қоғам үнін естуге көмектессе дейміз», – деді Айбек Дәдебай.

Партия Төрағасының пікірінше, бүгінде азаматтардың өтініштерін қабылдап қана қоймай, адамдарды нақты қандай мәселелер толғанды­ратынын түсіну маңызды. Заманауи технологиялар ауқымды ақпаратты тал­дауға, ең өзекті мәселелерді айқын­дауға және оларды заңнамалық әрі пар­тиялық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақ­сатында Айбек Дәдебай мен Ли Кай-Фу жасанды интеллект негізінде мамандан­дырылған цифрлық платформа құру мәсе­лесін талқылады. Бұл платформа азаматтар мен кәсіпкерлердің өтініштерін өңдеу ісін автоматтандыруға, қоғамдық сұраныстарды жүйелеуге, құжаттармен және заңнамалық базамен жұмыс істеуге, сондай-ақ алынған деректерді заңна­малық бастамалар мен партиялық ше­шім­дерді әзірлеу барысында пайдалануға мүмкіндік береді.

Ли Кай-Фу бұл тәсілді қолдады. Оның айтуынша, ауқымды өтініштермен жұмыс істеу кезінде жасанды интеллект ақпаратты өңдеу ісін автоматтандырып қана қоймай, қоғамның негізгі сұранысын анықтап, азаматтардың пікірін шешім қабылдауға арналған нақты практикалық ұсынымдарға айналдыра алады.

«Заманауи партия үшін адамдарды тыңдау ғана емес, дұрыс сұрақ қоя білу де маңызды. Жасанды интеллект негізгі тақырыптарды айқындауға, әртүрлі сценарийді модельдеуге және анағұрлым дәл шешімдер қабылдауға көмектеседі», – деді Ли Кай-Фу.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар партияға арналған AI-плат­формасының архитектурасын әзірлеуге уағдаласты. Келесі кезеңде жасанды интеллект технологияларын енгізудің басым бағыттары айқындалып, жобаны жүзеге асыру жұмысы басталады.