Қоғам трансформациясының жаңа парағы

Кез келген мемлекеттің құқықтық және саяси дамуы оның конституциялық құрылымымен тікелей байланысты. Конституция мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу қағидаларын ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастардың негізін де айқындайды. Конституцияны түбегейлі жаңарту тұтас заңнамалық жүйенің трансформациялануына алып келеді. Демек, 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституция еліміз дамуының жаңа парағын ашып отыр.

Сейсенбі күні өткен Парламент палата­ларының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тарихи кезеңнің басталатынын мәлімдеп, Қазақ­стан­ның алдағы даму басымдықтарын жан-жақты баяндады. Конституцияның заңды күшіне енуі тек Ата заңның жаңаруы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік инс­титуттардың жаңа жағдайда жұмыс істеуіне жол ашатын маңызды бетбұрыс болып тұр. 

Президент бұл отырыстың тарихи мәніне ерекше тоқталып, тәуелсіздік жыл­дарында қалыптасқан қос палаталы Парла­мент өз миссиясын абыроймен атқарғанын атап өтті. 30 жылдан астам уақыт ішінде Парламент мемлекеттілікті нығайтуға, құқықтық жүйені қалыптастыруға, нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және елдің тұрақты дамуына зор үлес қосты. Осы уақыт аралы­ғында үш жарым мыңға жуық заң қабыл­данып, олардың едәуір бөлігі депутаттардың бастамасымен әзірлен­ді. Әрбір шақырылым елдің құқықтық жүйе­сін жетілдіруге өз үлесін қосып, кәсіби парламенттік мәде-н­иеттің қалыптасуына ықпал етті.

Жаңа кезеңде мемлекеттік билік «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидатына сүйеніп жұмыс істейді. Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Президент ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының кепілі, Кон-

с­ти­туцияның сақталуын қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретінде өзінің конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асырады. Сонымен қатар заң шығару қыз­меті жаңа форматтағы Құрылтай арқылы ұйымдастырылып, оның жұмысында ашық­­тыққа, кәсібилікке және цифрлық техно­логияларды кеңінен пайдалануға басымдық беріледі.

Мемлекет басшысы заң шығару процесін толық цифрландырудың маңызын ерекше атап өтті. Осыған байланысты толыққанды e-Parliament жүйесін қалыптастыру міндеті қойылды. Заманауи цифрлық платформалар арқылы заң жобаларын қоғамдық талқылауға шығару, үлкен деректерді пайдалану, ықти­мал экономикалық және әлеуметтік са­л­дар­ды алдын ала модельдеу заң шығару сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Президенттің пікірінше, Құрылтай қоғамдық пікірді тиімді жинақтайтын, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкіл­дерінің ұсыныстарын ескеретін ашық алаңға айналуға тиіс.

Саяси жаңғыртудың маңызды бағыты ретінде Қазақстан Халық Кеңесін құру ұсынылды. Жаңа консультативтік орган мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылардың және азаматтық қоғам институттарының басын қосып, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу кезінде қоғамдық пікірдің кеңінен ескерілуіне мүмкіндік береді. Президент мұны халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын одан әрі нығайтатын маңызды қадам ретінде бағалады.

Әлемде дипломатиялық диалог күшейіп, бейбітшіліктің тұрақтауын ойлайтын Прези­дент әлемдегі геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық сын-қатерлердің күш­ей­іп келе жатқанын айтып, мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инфля­цияны төмендету, инвестиция тарту және экономикалық өсімнің қарқынын сақтау екенін атап өтті.  Экономиканы жаңа үлгіге көшіру Мемлекет басшысы белгілеген негізгі стратегиялық міндеттердің бірі болды. Президенттің мәліметінше, былтыр Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард АҚШ долларынан асты. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 15 мың доллардан асып, соңғы жылдары айтарлықтай ұлғайды. Сонымен бірге инфляция деңгейінің төмендеуі, ұлттық валю­таның тұрақтылығы және қаржы жүйе­сінің сенімділігі макроэкономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіштері ретінде аталды.

Президент өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше тоқталды. Соңғы жылдары жүздеген индустриялық жоба жүзеге асырылып, онда­ған мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта жаңа өндірістер іске қосы­лып, инвестиция көлемі ұлғаяды. Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауды жалғастырып, оның экономикадағы үлесін арттыруға басымдық береді. Инвестициялық саясаттың жаңа кезеңінде жоғары техно­логиялық өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы орайда «Алатау қала­сының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы маңыз­ды қадам ретінде аталып өтті. Пре­зидент бұл жобаның Қазақстанды Еура­зиядағы технологиялық және инновациялық орталықтардың біріне айналдыруға мүм­кіндік беретінін айтты. Қазір облыс орта­лық­тары тұрмақ, аудандарда өндірістік парктер құрылып, зауыттар ашылып, жер­гілікті жұртшылық жұмыспен қамтылып жатыр. Осының бәрі инвестициялық сая­сат­тың жайлылығына байланысты даму үстінде. 

Инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де кеңінен тоқталған Мемлекет басшысы энергетика, инженерлік жүйелер және көлік-логистика ел экономикасының негізгі тірегі екенін атап өтті. Биыл комму­нал­дық және энергетикалық жүйелерді жаңғыртуға бағытталған ауқымды ұлттық жобаны жүзеге асыруға рекордтық көлемде қаржы бөлінеді. Газдандыру деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, жаңа электр қуаттарын іске қосу және жоғары эколо­гиялық талаптарға сәйкес жылу электр стансаларын салу жоспарланған.

Президент атом энергетикасының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, халықтың қолдауымен қабылданған шешім Қазақстанның ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Келесі жылы алғашқы атом электр станса­сының құрылысы басталады. Елімізді са­па­лы әрі арзан энергия көздерімен қам­та­масыз етудің әсіресе бизнеске, яғни тауар өндірісінің көбеюіне, жұмысшылардың жалақысының өсуіне сеп болады. Себебі көптеген кәсіпорын мен өндіріс ошағының жұмысы электр энергиясына тәуелді. Оның үстіне, бұқараның тұтынушылық сұранысы артып келеді. Сондықтан заманауи техно­логиямен салынатын стансалар керек.

Көлік-логистика саласы бойынша соң­ғы жылдары теміржол желілерінің құры­лысы қарқын алып, жаңа халықаралық бағыттар ашылды. Орта дәліз арқылы тасы­малданатын жүк көлемі бірнеше есеге артты. Президент Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту үшін жаңа теміржолдар, автомобиль жолдары, әуежайлар, вокзалдар және логистикалық орталықтар салу жұ­мыстары жалғасатынын айтты. Сонымен қатар Астана қаласында жаңа халықаралық әуежай салу және авиациялық жүк тасымалы инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.

Цифрлық мемлекет құру Мемлекет басшысы айқындаған негізгі бес міндеттің бірі болды. Президент Қазақстан цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде қорғаған және жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында екенін айтты. Digital Qazaqstan стратегиясы, GovTech платформасы, Реттеу жөніндегі интеллект орталығы, суперком­пьютерлерді іске қосу, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасы және халықаралық Alem.Аi орталығы елдің технологиялық әлеуетін арттыруға бағыт­талған.

Сонымен бірге жасанды интеллект уни­верситетін ашу, инновациялық мектептер құру және мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы жаңа буын мамандарын даярлау көзделіп отыр. Президент адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Биыл әлеу­меттік салаға 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражат білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға бағыт­талады. Соңғы жылдары жүздеген жаңа мектеп салынып, шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашылды. Ғылым мен технологиялық саясатты қол­дайтын жаңа заң қабылданып, жас ғалым­дарға қолдау күшейтілді.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер жалғасуда. Соңғы жылдары мың­нан астам медициналық нысан іске қосылып, жоғары технологиялық меди­циналық қызметтердің қолжетімділігі артты. Мұғалімдердің, дәрігерлердің және әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейіп келеді. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде. Қайта­рылған қаражат әлеуметтік және комму­налдық нысандар салуға бағытталды. «Ұлт­тық қор – балаларға» бағдарламасы мен «Келешек» жинақтау жүйесі жас ұр­пақтың болашағына инвестиция салудың жаңа тетігі ретінде іске асырылып жатыр. Президент әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, зиянды өндірістерде еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау, шамадан тыс кредит алу, ойынқұмарлық, есірткі қылмысы және кибералаяқтықпен күреске бағытталған заңдардың қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті. Мемлекет бас­шы­сы ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесіне де арнайы тоқталды. Ұлттық домбыра күні, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу, ұлттық өнерді қолдау және жас­тардың рухани тәрбиесін күшейту мемлекеттің мәдени саясатындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде аталды.

Президент сөзінің қорытындысында сегізінші шақырылым депутаттарының қызметіне тоқталып, олардың Үкіметке екі мыңнан астам депутаттық сауал жолдап, ондаған Үкімет сағаты мен парламенттік тыңдау өткізгенін атап өтті. Комитеттердің белсенді жұмысы, сарапшылар қауымдас­тығымен және азаматтық қоғаммен тиімді өзара іс-қимыл заң шығару сапасын арт­тыруға ықпал еткені айтылды. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі сегізінші шақы­рылым депутаттарының қызметіне де жоғары баға беріп, олардың ел үшін аса жауапты кезеңде еңбек еткенін айтты. Соңғы үш жылдың өзінде 300-ден астам маңызды заң қабылданып, жаңа Консти­ту­цияның талаптарына сәйкес заңнамалық база толықтай жаңартылды. Конституциялық заңдар мен жаңа кодекстер мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне құқықтық негіз қалыптастырды. Мемлекет басшысының Парламенттің бірлескен отырысында сөй­ле­ген сөзі Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағытын айқындаған стра­тегиялық құжат сипатында болды. Онда мемлекеттік басқаруды жаңғырту, эконо­миканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, адами капиталды нығайту және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы негізгі міндеттер жүйеленіп, елдің ұзақмерзімді дамуына арналған басымдықтар белгіленді.

Еліміздің дамуына, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына бағытталған реформаларды қамтамасыз ететін Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Отандастарымызды тарихи күнмен құттықтаймын. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің іргесін білім мен еңбекпен, өнермен, іскерлікпен құрысу, мемлекеттік бастамаларды жарқын болашақ үшін қолдау азаматтық борышымыз.

Қайрат Балабиев