ҰБТ жолындағы ақылы үміт

Жыл сайын мемлекет білім саласына, мектептерді жаңар­ту мен мұ­ғалім­дердің біліктілігін арттыруға бюджеттен миллиардтаған қаржы бөледі. Алайда жоғары сынып оқушыларының жаппай ақылы репетитор жалдауы қалыпты жағдайға айналды. Бұл жағдай көкейге: «Мектеп білімі ҰБТ талаптарына сай келмей ме сонда?» – деген сұрақ ұялатады.

Негізі ҰБТ-ға дайындалу үшін білім беру, оқыту орталықтарының репетитор қызметіне жүгінуіне құқықтық тұрғыда еш­қандай шектеу жоқ. Бірақ репетиторлардың нақты бір жауапкершілігі, беретін кепілдігі де жоқ екені тағы бар. Оның үстіне репе­титорлық қызмет нарығы толық бақылана ма, жоқ па – оны да дөп басып айту қиын. Әдетте, мектепте жұмыс істейтін бірқатар мұғалім мен репетитор оқушыларды ҰБТ-ға даярлау үшін уақыт  бөліп, оқыту үшін салық органдарына тіркеліп, арнайы шот ашып әуре болмайды. Кешегі оқушы, бүгінгі студент ретінде мұны біз өз басымыздан өткердік. Ал ата-ана мектепте берілуге тиіс тегін білім үшін қосалқы  қаржы шығындап жатыр. Біз осы құбылыстың астарына үңілмек болып ата-аналарға, репетиторларға, педагогтарға  хабарластық. 

Үйдегі «тұтқын» және ата-ана үрейі

ҰБТ жақындаған сайын әрбір отбасында үлкен психологиялық «майдан» басталады. Әсіресе, қаңтар мен наурыз айларындағы сынақтардан сүрінген балалар мен олардың ата-аналары қазір тығырыққа тірелген. Қыс пен көктемдегі сынақтар оқушының қарым-қабілетін айқындап бергендіктен, ата-ана әбігерге түседі. Солардың бірі – Айгүл Рахымқызы есімді ана. Биыл оның баласы ақпараттық технологиялар бағыты бойынша, математика және информатика пәндерінен ҰБТ тапсырғалы жатыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, баласы жыл басынан бері қымбат оқу орталығына барып жүрсе де, әлі күнге дейін қажетті шекті балды жинай алмаған.

«Қазір баламыздың соңғы мүмкіндігі қалды. Шілдедегі негізгі емтихан жақындап қалды. Қаңтарда да, наурызда өтті ғой, сонда да біз қалаған балды ала алмадық. Содан бері үйде тыныштық жоқ. Балам ол кезде мектепке де барғысы келмей, тіпті бармай да қойды. Күні-түні бөлмесіне қамалып, тек онлайн және офлайн форматта дайындық тестілерін шешетін. Бүкіл отба­сымызбен стресте отырмыз. Осы уақытқа дейін сол дайындық орталығына қыруар ақша төледік, бірақ олар ешқандай кепілдік бермейді, тек «баланың өз ынтасына байла­нысты» деп құтылады. Егер мектеп дұрыс білім берсе, біз неге орталық жағалап, ба­ла­ның жүйкесін тоздыруымыз керек?»  – дейді Айгүл Рахымқызы.

Кейіпкеріміздің бұл сөзінен қазіргі білім беру процесіндегі олқылықты байқауға болады. Яғни оқушы мектептегі ресми оқудан алшақтап, тек тест жаттаумен айналысатын «роботқа» айналған. Бұл ретте ата-аналардың қалтасынан шығатын қаржы ешқандай құжатсыз, чексіз көлеңкелі айналымда жүргені тағы бар.

Мектеп бағдарламасы терең білім бере алмайды

Әр тараптың айтар өз уәжі бар. Айталық, қосымша білім беретін орталықтарды ашқандар, репетиторлар үшін ҰБТ-ға даяр­лау – біршама ірі нарық. Әрі репетиторлар мектептердегі білімге ата-ананың да, оқу­шы­­ның да көңілі толмайтынын ұрымтал тұс ретінде пайдаланады. Яғни сұраныс бар жерде, ұсыныс та болады деген сөз. 

Өзінің есім-сойы ішінара  құпия қалғанын қалаған Дәурен атты екінші кейіпкеріміз нарықта сұранысқа ие, профильдік пәндер, атап айтқанда, математика, физика, химия бойынша бала оқытады екен. Ол мектеп бағдарламасы мен ҰБТ арасындағы алшақтықтың барын жасырмайды, бірақ мұның себебін мұғалімдердің жүктемесінен көреді. Репетитордың айтуынша, қазіргі мектеп бағдарламасы тым жалпылама, ал ҰБТ-да келетін есептер терең логика мен арнайы формулаларды қолдануды талап етеді. Дәурен мырза бір сыныпта 30 бала отырғанда, мұғалім әр балаға жеке тоқталып, күрделі есептің үш-төрт түрлі шешу жолын көрсетуге физикалық тұрғыдан үлгермейтінін жеткізді. Оның үстіне, мектептегі қағазбас­тылық мұғалімнің шығармашылық әлеуетін шектеп тастаған.

«Бізді салық төлемейді, бақылаусыз деп айыптайды. Бірақ біз мектеп бере алмаған сапаны беріп отырмыз. Маған келетін балалардың көбі математиканың қарапайым ережелерін білмейді. Мектепте оларға тек тақырыпты өткізіп шығу маңызды, ал бізге нәтиже маңызды. Иә, біз заңды түрде «жүз пайыз грантқа түсесің» деп кепілдік бере алмаймыз, өйткені емтихандағы баланы бақылай алмаймыз ғой. Бірақ біздің еңбегіміз нарықта бағаланып тұр. Ата-аналар өз еркімен ақша төлейді, өйткені баласының болашағына алаңдайды», – дейді  Дәурен. 

Репетиторлар халықты алдап отыр

Ал білім саласының белгілі сарапшысы, көпжылдық тәжірибесі бар ардагер педагог Өмір Шыныбекұлы бұл мәселеге мүлдем басқа қырынан қарайды. Оның пайым­дауынша, ата-аналар жаппай репетиторға жүгіну арқылы психологиялық трендке ілеседі және жарнаманың құрбаны болып отыр. Өмір Шыныбекұлы 10-сыныпқа келген балалардың алдында үлкен таңдау тұратынын, себебі 9-сыныптан кейін колледжге кететіндер кетіп, мектепте тек ҰБТ тапсыратын мақсатты оқушылар қалатынын айтады. Оның пікір­інше, репетиторға барып-келудің өзіне күніне екі сағат уақыт кетеді, ал оның орны­на сол уақытты үйдегі дайындыққа жұмсаған әлдеқайда тиімді. «Екі жыл, яғни 10-11 сыныпта толықтай дайындалуға әбден жеткілікті», –  дейді ардагер ұстаз.

Сонымен қатар сарапшы қазіргі білім орталықтарының ата-аналарды арбайтын өзіндік қулықтары мен маркетингтік айла­ларын ашып берді.

«Ол орталықтардың өз қулығы көп қой. Алғашқы кезде балаларға оңайлау сұрақтар береді де, сосын «Мына балалар оқымай қойған, бізге келгендердің білімі жоғарылап жатыр» деп қосымша жарнама жасайды. Рас, оқушыларды жақсы дайындайтын орталықтар аз емес шығар, бірақ көбісі сол жарнаманың әсерінен атақ алып отыр – деді Өмір Шыныбекұлы.

Педагог бұрынғы жылдары, шамамен 15 жыл бұрын ретсіз сұрақтардың кіріп кеткенін, бірақ кейінгі 7-8 жылда сұрақтардың толық ретке келіп, тек оқу бағдарламасының ішінен ғана алынатынын тілге тиек етті. Өзінің түлектері де ешқандай репетиторсыз, тек мектептегі сабақ үстінде және үйге берілген арнайы тапсырмалар мен апталық тестілердің арқасында жоғары балл жинап, грантқа түскенін мақтанышпен жеткізді. Дегенмен Өмір Шыныбекұлы қазіргі мектептердеге кадр мәселесін де айналып өтпеді. Ол мектеп мұғалімдерінің барлығы бірдей емес екенін, білім деңгейі төмен немесе оқушыларды өз пәніне үйіріп, игере алмайтын мамандардың да кездесетінін жасырмады. Оның айтуынша, дәл осындай осал тұстардың кесірінен балалар амалсыз оқу орталықтарына барып, жақсы балл алып жатыр және бұл шындықты жоққа шығаруға болмайды.

Жасанды интеллект және ҰБТ-ның жаңа болашағы

Репетиторлық нарықтың дүрбелеңімен қатар, қазіргі білім беру саласында үлкен технологиялық бетбұрыс басталып жатыр. Ұлттық білім беру жүйесі ҰБТ форматын түбегейлі өзгертуге бекінген. Ғылым және жоғары білім министрлігі 2027 жылдан бастап қолданыстағы ҰБТ-ға балама ретінде AIT (Admission Insight Test) деп аталатын мүлдем жаңа сынақ түрін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – тест сұрақтарын құрастыру, оларды іріктеу және жауаптарды тексеру толығымен жасанды интеллектіге жүктеледі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жаңа технология тек академиялық білімді ғана емес, сонымен бірге үміткердің эмоционалдық интеллектісін, адалдық деңгейін, антикоррупциялық құндылықтарын және логикалық тереңдігін бағалай алады. Сондай-ақ ЖИ әр оқушының жауап беру деңгейіне қарай бейімделетін адаптивті тестілеу жүйесін іске қосады. Бұл үрдіс бізге білім берудің мүлдем жаңа дәуірі келе жатқанын көрсетеді. Жасанды интеллект енгізілген болашақта құрғақ тест жаттау емес, сыни ойлау мен шынайы білім алдыңғы шепке шығады. Бұл өзгеріс репетиторлық орталықтардың жұмыс тәсілін трансфор­мациялап, мектеп қабырғасындағы сапалы білімнің рөлін қайта асқақтатпақ.

Осындай заманауи кезеңде түлектердің де емтиханға деген көзқарасы өзгеруге тиіс. Болашақ сынақтардан қорықпай, логиканы дамытуға, тақырыптарды механикалық түрде емес, мағынасын түсініп оқуға көшкен жөн. Жаңа формат механикалық жаттауды ысырып тастап, шынайы дарынды бала­лардың жолын ашады және олардың өз күшіне деген сенімділігін арттырады. Ата-аналар үшін де бұл үлкен жеңілдік әкелмек. Бұдан былай балаға психологиялық қысым жасамай, оның бойындағы шығармашылық пен еркін ойлау дағдыларын қолдау маңызды рөл атқарады. Қымбат курстар іздеп, отбасылық бюджетті сарқығанша, баланың мектеп бағдарламасын терең меңгеруіне бағыт-бағдар беріп, оның жан-жақты дамуына жағдай жасаған әлдеқайда тиімдірек болады.

 Айсұлу ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ, ЕҰУ-дың 2 курс студенті