Алматы облысында жауын-шашын салдарынан 58 адам эвакуацияланды

Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар 58 адамды, оның ішінде 21 баланы және 8 шетел азаматын эвакуациялады.

Алматы облысында толассыз жауын-шашын салдарынан Түрген шатқалындағы Түрген өзенінің деңгейі күрт көтерілген. Салдарынан "Түрген – Ассы" автожолының жекелеген учаскелерін су шайып кетті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су басқан аумақта 17 киіз үй мен "Водник" бау-бақша серіктестігінің төрт ауласы орналасқан.

Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар 58 адамды, оның ішінде 21 баланы және 8 шетел азаматын эвакуациялады. Олар үшін ТЖМ-нің вахталық көлігі ұйымдастырылды. Зардап шеккендер жоқ.

Қазір оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп, сел қаупіне мониторинг жүргізуде. Сондай-ақ авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Салдарды жоюға ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің 300-ге жуық қызметкері мен 44 бірлік техникасы жұмылдырылған.