Қазақстанда қарызды реттеудің бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды

Қазақстанда 1 шілдеден бастап тұтынушылық несиелер бойынша берешекті реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды.

Жаңа сервис бірнеше банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік алдында берешегі бар азаматтарға барлық кредиторлармен бір уақытта келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін әр қаржы ұйымына жеке-жеке жүгінуге мәжбүр болған қарыз алушылар енді барлық мәселені «бір терезе» қағидаты бойынша шеше алады.

Платформа – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюроның бірлескен жобасы. Мұнда банк және микроқаржы омбудсмандарының қатысуымен қарызды ұжымдық реттеу рәсімі жүргізіледі.

Микроқаржы омбудсманы Назгүл Естеусізованың айтуынша, мұндай құралдың қажеттілігі бұрыннан сезіліп келген.

«Біз бұл мәселені екі жылдан бері көтеріп келеміз.  Егер платформада шешім қабылданса, ол банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін міндетті болады. Бұл – өте тиімді әрі маңызды құрал. Өкінішке қарай, көпшілік мұндай институттың бар екенін де, қызметтің тегін көрсетілетінін де білмейді», – дейді ол.

Жаңа жүйенің басты артықшылығы – барлық қарыздар бойынша бірыңғай төлем кестесінің жасалуы. Бұрын әрбір кредитор өз талабын қойғандықтан, қарыз алушы бірнеше түрлі төлем күнін, сомасын және шарттарын орындауға мәжбүр болатын. Енді барлық міндеттеме бір кестеге біріктіріліп, қарыз алушы тек бір төлем жасайды. Ал платформаның өзі қаражатты кредиторлар арасында автоматты түрде бөледі.

Омбудсманның сөзінше, бұл әсіресе бірнеше микроқаржы ұйымынан несие алған азаматтар үшін тиімді.

«Әрбір қаржы институты өз талабын қояды. Соның салдарынан адам төлемдерін үйлестіре алмай қалады. Ал ұжымдық шешім қабылданған кезде бір ғана төлем, бір ғана кесте жасалады. Платформа ақшаны кредиторлар арасында өзі бөліп береді. Көп жағдайда бұл қарызды бөліп төлеу мерзімін ұзартып, ай сайынғы төлемді қолжетімді деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді», – дейді Естеусізова.

Сонымен бірге ол ұжымдық реттеу рәсіміне қатысу қарызды кешіру немесе міндеттемеден босату емес екенін ерекше атап өтті.

 «Бұл рәсім төлем жасағысы келетін, бірақ оған мүмкіндігі болмай жүрген адамдарға арналған. Егер адамның шынымен төлеуге ниеті болса, біз оған ыңғайлы кесте ұсынамыз. Ал егер қарызды өтеуге мүлде мүмкіндігі жоқ  болса, онда заңда көзделген тәртіппен азаматтық банкроттық рәсімін қарастыра алады. Яғни қарыз алушының таңдауы бар», – дейді микроқаржы омбудсманы.

Жаңа сервиске екі және одан да көп кредиторы бар, несиесі кемінде 90 күн кешіктірілген және жалпы берешегі 150 АЕК-тен 1 600 АЕК-ке дейін (648 мыңнан 6,9 млн теңгеге дейін) болатын азаматтар жүгіне алады. Алайда ипотека, автонесие, кәсіпкерлік мақсаттағы қарыздар, алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер және банкроттық рәсімі басталған берешектер бұл жүйеге кірмейді.

Finkelisim.kz платформасы қарыз алушы туралы барлық мәліметті автоматты түрде жинап, кредиторлармен келісілген жағдайда 5 жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге бірыңғай өтеу кестесін ұсына алады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бұл сервис азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтып қана қоймай, берешекті сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік беретін тиімді тетік болмақ.