Шілде айында «Астана Балет» театры Қазақстанның батыс өңірінің тұрғындарына түрлі жанрлық бағдарламасын ұсынбақшы, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Театр маусымын аяқтай отырып, ұжым Атырау мен Ақтауға гастрольдік сапарға аттанып, көрермен қауымға хореография және музыка өнерінің үздік шығармаларын орындамақшы.
5 және 6 шілдеде Атыраудағы Махамбет Өтемісов атындағы драма театрының сахнасында театр «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын көрсетеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған ұлттық дивертисмент театрдың ел ішінде де, одан тыс жерлерде де айнымас ерекшелігіне айналған, театрымызды әйгілеп тұрған дүние. Қойылым халықаралық сахналар мен фестивальдарда қазақстандық өнерді сәтті көрсетіп, көрермен қауымды ұлттық хореографияның өзіндік өрнегімен, бейнелердің тереңдігімен және көркем иірімдерімен тәнті етті.
Бағдарламаны тамашалай отырып, этнографиялық элементтердің, халық би дәстүрінің және Ұлы Даланың мәдениеті мен рухани мұрасының байлығын паш ететін заманауи қойылымдық шешімдердің өзіндік үйлесімі бар қазақстандық хореография өнерінің жауһарына куә бола аласыз.
«Батыс Қазақстан көрерменіне шығармашылығымызды көрсету біз үшін үлкен мәртебе. «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы театр репертуарында ерекше орын алады, өйткені онда ұлттық мәдениеттің байлығы, дәстүрдің сұлулығы мен қазақ даласының рухы көрініс тапқан. Бұл қойылым Атырау көрерменінің көңілінен шығатынына сенімдімін. Ақтауда біз әлемдік классиканың танымал жауһарлары мен қазақстандық композиторлардың шығармаларын біріктірген опера солистерінің қатысуымен симфониялық оркестр бағдарламасын ұсынамыз. Бұл гастрольдер театрдың шығармашылық келбетінің жан-жақтылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Жарқын ұлттық хореографиялық туындылардан бастап, симфониялық және опералық музыканың биік өнеріне куә бола аласыз. Біздің ұжыммен кездесулер көрерменге ұмытылмас әсер қалдырып, нағыз өнер мерекесіне айналады деп сенемін», – деген ойын бөлісті, Театрдың Көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен 8 шілде күні опера өнерінің солистері қатысатын Симфониялық оркестрдің концерті өтеді.Іс-шара халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ Жаңаөзен қаласының тұрғындарына арналады.
Гастрольдік сапар жалғасады. Онда 10 және 11 шілдеде Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің сахнасында бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі өнер көрсетпек. Концерттік бағдарлама түрлі дәуірдегі және мәдениеттердегі музыкалық дәстүрдің байлығын көрсете отырып, қазақ және еуропа классиктерінің туындыларын орындайды.
«Ақтауда көрсететін бағдарламамыз әлемдік музыка өнерінің нағыз інжу-маржанына айналған шығармаларды біріктіреді. Оркестр үшін көрерменді ғасырлар бойы өзінің күші мен эмоционалды тереңдігін жоғалтпайтын музыкамен таныстыру өте маңызды. Алдағы концерттер қалың жұртшылыққа жарқын әсер қалдыратынына және таныс шедеврлерді жанды орындауда жаңаша тыңдауға мүмкіндік алатынына сенімдімін», – деген ойын жеткізді, симфониялық оркестрдің бас дирижері Арман Оразғалиев.
Шығармашылық кештер Қазақстанның жетекші опера солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары: баритон Әділ Сұлтан, сопрано Фируза Рахметова және тенор Талғат Аллабириновтың қатысуымен, бас қосқан көрерменді ерекше күйге бөлейді. Олардың орындауында әлемдік музыка мәдениетінің алтын қорына енген әйгілі ариялар мен вокалдық шығармаларды тыңдай аласыз. Көрермен қауым назарына жарқын оркестрлік шығармаларды, вокалдық өнердің көрнекті үлгілерін және театр музыканттарының орындаушылық шеберлігінің биік деңгейін біріктіретін бай бағдарлама ұсынылады.
«Астана Балет» театры Атырау мен Ақтау тұрғындары мен қонақтарын ұжыммен бірге театр маусымының аяқталуын бөлісуге және осы жаздың жарқын мәдени оқиғаларының бір бөлшегіне болуға шақырады.