Әпкесін туған күнімен ерекше құттықтамақ болған 27 жастағы астаналық жауапқа тартылып, әкімшілік айыппұл салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Полицейлердің мәліметінше, Астанада 27 жастағы жергілікті тұрғын туған әпкесін ерекше құттықтамақ болған. Тосын сыйды әсерлі ету үшін ол көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы автотұрақта отшашу ұйымдастырған. Түнгі уақытта естілген қатты дауыс пен пиротехникалық бұйымдардың қолданылуы тұрғындардың мазасын алып, олар полицияға хабарлаған.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол бірден үш әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылды. Атап айтсақ, тыныштықты бұзғаны, елді мекен аумағында пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған айыппұл салынды.
Полиция елді мекендердегі тұрғын үй аулаларында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың тыныштығын бұзумен қатар, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін еске салады.