Атырау облысында бірнеше әкім әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон кенті, сондай-ақ Қосшағыл, Жем, Ақкиізтоғай, Қараарна және Майкөмген ауылдық округтеріндегі 51 аумақта жалпы саны 62 заңсыз қоқыс орны тіркелген.

Атырау облысының Жылыой ауданында прокуратура жүргізген тексеру барысында елді мекендер аумағында орналасқан 62 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Заңбұзушылықтарды жою үшін тиісті шаралар қабылданып, Құлсары қаласы мен бірнеше ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жылыой аудандық прокуратурасы қоршаған ортаны қорғау заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау кезінде заңсыз қоқыс төгу деректерін анықтаған. Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары ұйымдастырылды.

"Соның нәтижесінде Құлсары қаласының әкімі, Жаңа Қаратон кентінің әкімі және бес ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 227 мың теңгені құрады", – деп хабарлады прокуратура.

Сонымен қатар жыл басынан бері елді мекендерді абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін Жылыой ауданында 495 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.