Таразда Ұлттық ұланның үздік балуандары анықталды

Чемпионатқа Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары мен әскери бөлімдерінен жасақталған жеті команданың құрамындағы 50 балуан қатысты.

Тараз қаласында қазақ күресінен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының чемпионаты өтті. Дәстүрлі додада әскердің үздік балуандары бас қосып, 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған 17 жауынгерлердің ерлігіне тағзым етті,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Жарыс барысында боз кілемде жоғары деңгейдегі тартысты белдесулер өтіп, балуандар өздерінің шеберлігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті.

Өз салмақ дәрежелері бойынша чемпион атанғандар:
60 келіге дейін – Әділет Ілесбек («Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы);
66 келіге дейін – Бердібек Үмбетхан (6636 әскери бөлімі);
74 келіге дейін – Ұлан Елеусізов (6636 ә/б);
82 келіге дейін – Дархан Қойбағар («Оңтүстік» ӨңҚ);
90 келіге дейін – Әли Әлімби («Оңтүстік» ӨңҚ);
100 келіге дейін – Нұрдәурен Тынышқали («Батыс» ӨңҚ).

Командалық есепте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды 5573 әскери бөлімінің командасы иеленсе, үздік үштікті «Батыс» өңірлік қолбасшылығының балуандары түйіндеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық ұланда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл чемпионат ұлттық спортты дамытуға, әскери дайындықты жетілдіруге және Отан алдындағы борышын соңына дейін адал атқарған батыр жауынгерлердің рухына тағзым етуге бағытталған маңызды спорттық іс-шаралардың бірі болып саналады.