Мемлекеттік тілді қолдау мақсатында Qazaq Tili Endowment қорына 100 миллион теңге көлемінде жарна аударылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл қадам – мемлекеттік тілге деген құрметтің ғана емес, сонымен бірге Qazaq Tili Endowment қорының ашық әрі тиімді жұмысына, оның ұзақмерзімді даму моделіне деген сенімнің көрінісі.
Атап айтсақ, Qazaq Tili Endowment қорына алғашқы болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қаражатынан 7 миллион теңге аударды. Президенттің бұл бастамасын еліміздегі ірі компаниялар мен кәсіпкерлер қауымы кеңінен қолдады.
Alageum Electric компаниялар тобы мемлекеттік тілді қолдау мақсатында Qazaq Tili Endowment қорына екінші мәрте 100 миллион теңге көлемінде жарна аударды.
«Мемлекет басшысының бастамасын жалғап, Qazaq Tili Endowment қорына екінші рет қолдау көрсеттік. Қордың жұмысы ашық, нәтижесі нақты. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін осындай жүйелі қолдау қажет. Бизнес экономиканың ғана емес, қоғамның да дамуына үлес қосуы тиіс, – деді Alageum Electric компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов.
«Alageum Electric компаниялар тобының Qazaq Tili Endowment қорына екінші рет қолдау көрсетуі – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл қордың жұмысына деген сенімнің және мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған ортақ ұстанымның көрінісі. Осындай тұрақты серіктестіктің арқасында біз қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін ірі жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Компания басшылығына қазақ тілінің болашағына қосқан маңызды үлесі үшін алғысымызды білдіреміз», – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Qazaq Tili Endowment қорының негізгі қағидаты – қорға түскен қаражаттың өзін жұмсамау. Қорға аударылған қаражат толық көлемде инвестициялық басқаруға беріледі, ал қазақ тілін дамытуға бағытталған жобалар инвестициялық табыс есебінен қаржыландырылады.
2024 жылы эндаумент қорына 503 669 299 теңге тартылып, инвестициялық басқарудан 75 473 020 теңге үстеме табыс түсті. 2025 жылы инвестициялық табыс көлемі 80 миллион теңгені құрады. Осылайша, соңғы екі жылда қордың инвестициялық қызметінен түскен жалпы табыс 155 000 000 теңгеден асты. Қазір эндаумент қорындағы қаржы көлемі 824 000 000 теңгеге жетті
Инвестициялық табыс есебінен 2023-2025 жылдары қазақ тілін дамытуға бағытталған 60-тан астам өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі жоба мен іс-шара жүзеге асырылды. Солардың ішінде Oxford қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша сөздігін әзірлеу және шығару, Абай шығармаларының жинағын басып шығару, жыл сайын дәстүрлі негізде «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасы мен «Ана тілі» зияткерлік олимпиадасын ұйымдастыру, «Ұлттық диктант» платформасы мен Qazaq Tili Qogamy мобильді қосымшасын әзірлеу, «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауын өткізу, сондай-ақ қазақ тілінің цифрлық инфрақұрылымын дамыту және OpenAI компаниясымен бірлескен жасанды интеллект бағытындағы жобаларды іске асыруға жұмсалды.