Астанада Apple Store қағидатына негізделген жаңа буындағы цифрлық кеңсе – Smart Point ашылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бүгін жаңа кеңсенің жұмысымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев танысты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Басқарма Төрағасы Арман Кенжеғалиев министрге Smart Point тұжырымдамасы мен кеңсенің функционалдық аймақтарын таныстырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға арналған цифрлық шешімдер көрсетілді.
Smart Point кеңсесінде қызмет алушылар мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге арналған компьютерлерді пайдалана алады. Сонымен қатар диалог форматында жұмыс істейтін eGovGPT көпагентті жасанды интеллект платформасы қажетті мемлекеттік қызметті анықтап, оны онлайн рәсімдеуге көмектеседі.
«Smart Point – халыққа қызмет көрсетудің заманауи форматтарын дамытуға бағытталған жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – цифрлық технологияларды мемлекеттік қызметтерді алудың табиғи әрі қолайлы тетігіне айналдыру. Сондықтан біз азаматтардың жайлылығы, қолжетімділік және олардың қажеттіліктері басты назарда болатын осындай кеңістіктерді дамытуды жалғастырамыз», – деді Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.