Домбыра барда, мол мұра бар

«Домбырамды арқалап,
Белуардан су кештім,
Толарсақтан құм кештім.
Аспандағы жұлдызбен,
Айдындағы аққумен
Күмбір-күмбір тілдестім.
Іліп қойған төрінде домбырасы болмаса,
Уығы алтын болса да,
Ақ ордаға кірмеспін»...

Көрнекті ақын Жәркен Бө­де­шұлының осы көркем жыр жолдары әр қазақтың көңіл пернесін дөп басқандай. Себебі дом­быра – жай ғана аспап емес, хал­қымыздың қадір-қасиетін, шер­лі шежіресін шертетін ұлы мұ­ра. Қос ішектің құдіретіне бой­ласақ, оның тарихы тым тереңде жат­қанын байқаймыз. 2010 жылы Алтай тауының Моңғолия аума­ғын­дағы көне үңгірлерінен табыл­ған жәдігер мұны бұлтартпай дә­лел­дейді. Ғалымдар бұл жәдігердің ша­мамен 1 500 жылдық тарихы бар екенін, яғни біздің зама­ны­мыз­дың V ғасырында жасалғанын анық­тады. Осы бір қасиетті қара ағаш ер жігіттің бес қаруымен жа­нын­да қатар жүрген. 

Нағыз көшпендінің өзі аттың құ­лағында ойнаса, қолы дом­быра­ның қос ішегінде ойнаған. Ел ау­­­­зындағы аңыздарға сүйенсек, Жо­шының қазасын Шыңғыс хан­ға естіртуге ешкімнің батылы бар­маған кезде Кетбұға жырау дәл осы домбыра күйімен қаралы ха­бар­ды жеткізген екен. Тіпті, орта ғасырларда ғұмыр кешкен ғұлама әл-Фараби мен кейінгі дәуірдегі хәкім Абай да домбыра үнінің адам жанына шипа болар қасиетін атап айтқан. Сондай-ақ ұлы даланы адуынды арынымен тербеген Құрманғазы күйшісіз қазақ руханиятын көзге елестету қиын. Оның туындылары түсінген адамды жылатады да, жұбатады да, шамына тиіп, шабытын қайрайды да. Құрманғазы – сонау кер за­ман­ның өзінде ұлттық сананы ас­қақ күйлерімен оятып, қайраты­на қайта мінгізген тұлға. Көзі тірі­сінде қазақ сазының сайып­қы­раны атанған Нұрғиса Тілендиев­тің мұрасы – өз алдына бір төбе. Тың­дарман жүрегіне жол тауып, отандық фильмдерді әсем әуен­мен әрлеген дауылпаз дарын сал-серілердің соңғы тұяғы іспетті. Ол уақыттың өктемдігіне бағынбай, бағыт-бағдарынан айнымай, ту­ған топыраққа табанын нық ті­реп тұрып арман-аңсарын дыбысқа айналдырды. Дәстүрлі музыканың әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай, өзіне тән кәсіби шеберлігімен жарқырады. Сол сияқты Төлеген Момбековтің «Салтанатын» ұйып тыңдамаған қазақ кемде-кем шы­ғар. Зәулім бәйтеректің бұтағына қонақтап, тамылжыта сайраған сан­дуғаш іспетті Қаршыға Ахме­дияровтың өнері – өзінше бөлек әлем. Тереңнен толғап, көнекөз­дердің мирасын сары алтындай сақтаған біртуар композитор-орындаушы домбыраны әлемге әй­гіледі. Талай мұрағаттың ша­ңын үрлеген Таласбек Әсем­құ­лов­тың да еңбегі ерен. Ғалым­дар­дың есеп­теуін­ше, қазақ күй­­­­­лері­нің 3 пайызы осы кісінің ар­қа­сында бүгінгі күн­ге бүлінбей жет­­кен кө­рі­неді. Өзі де өнер­ге қара жаяу емес, орындау­шы­лығы мен сазгерлігі сан қат­парлы саңлақ еді. Жасарал Еңсеповтің домбыра, эстрада, күй және күйшіні бірік­тіріп, қазіргі заман ағы­мына лайықтап, ДЭККО жан­ры­ның қалыптасуына сіңіргенін де айналып өте алмаймыз. Жалпы, әр халықтың тарихтағы орны жалпы адамзат мәдениетіне қос­қан үле­сімен өлшенеді. Ал қазақ­тың ұял­май алға тартатын құн­ды­лығы домбыра болса керек. Осынау киелі аспап ғасырлар қой­науын­да қалып қоймай, XXI ға­сыр­да жас ұр­пақтың жадында жаңғырса, бұл үшін біз жаңағы алыптарға қарыз­дармыз. Таласбек Әсемқұловтың жазуынша, бая­ғыда қазақтар жақ­сы домбыра­шыны «айтқыш екен» деп мақ­таған деседі. «Шерткіш» емес, «тарт­қыш» емес, «айтқыш» депті. Өйт­кені шын күйші ой-пікірін ды­быс тіліне айна-қатесіз аударады.

Иә, домбыра сөйлейді, домбыра мұң шағады, дом­быра күледі, домбыра жылайды, домбыра жырлайды. Домбыра са­зымен бір күлдіріп, бір жылата бі­летін дәулескер өнерпаздар қа­зір де аз емес. Сондықтан шығар, Қа­зақстанда 2018 жылдан бері шіл­де айының алғашқы жексен­бі­сінде Ұлттық домбыра күні кең көлемде тойланады. Бұл мере­ке­нің негізгі мақсаты – ұлттық құндылық­тары­мыз­ды, ата-баба­мыз­­дан қалған қас­­­терлі өне­рі­міз­ді дәріптеу жә­не рухани болмысымызды жаңғырту. Бүгін­де бұл мерекенің мемле­кет­тік деңгейде тойлануына ке­зінде жастар бастаған үлкен қоз­ғалыстың септігі тиді. 2012 жы­лы бір топ белсенді қазақ бло­герлері KerekInfo платформасында бас қосып, Dombyra Party флеш­мобын ұйымдастырды. Жо­баның басы-қасында Аршат Оразов, Алдан Жылгелді, Нұрғиса Асылбеков, Маралбек Сағынға­нов, Жанасыл Болатбек, Данияр Алан, Алмас Алтай, Нұрберген Мақым сынды ұлтжанды жастар тұрды.

Қозғалыстың басты ерекшелігі ешқандай саясатсыз, музыкалық білімі жоқ адамның да домбыра тарта алатынын дәлелдеу еді. Әлеу­меттік желі арқылы жиналған жастар демалыс немесе жұмыс күндері саябақтарда бас қосып, күй күмбірлетті. Астанадан бастау алған бұл толқын тез арада Алматы, Шымкент, Атырауға тарап, тіпті әлемнің әр қиырын аралаған халықаралық трендке ұласты. Осыдан бірнеше жыл бұрын бас­талған бірегей қозғалыс Порту, Берлин, Лондон және Ыс­тамбұл сияқты әлем­нің ірі шаһарларын шарлап үлгерді. Белсенді блогерлер мен шетелдегі қазақ студенттері қандас­тары­мыздың басын қосып, пат­риоттық флешмобтар өткізді. Олар «төрде тұрған домбыра жай аксессуар болмауға тиіс» деген ұстаныммен ұлттық аспапты еу­ро­палықтарға танытты. Нұрғиса Асылбеков бір сөзінде шетелдегі қызықты оқиғаларын бөлісіп: «Португалияда кеден қызмет­кер­лері домбыраға күмәнмен қарап, ішін жарып тексерді. Бірақ біздің жастар оны қайта желімдеп, думанды кештерде көңілге қаяу түсір­меді», – деп жерлестеріміздің табандылығына сүйсінеді. Сол кезде себілген дән бүгінде мүлдем жаңа деңгейде жемісін беріп жатыр. Қазақ даласының қоңыр сазы енді өзге ұлт өкілдерін де бау­рап алған. Жақында Токиодағы Мэйдзи ғибадатханасының жанында қазақ күйлерін күмбір­леткен жапон азаматы Акира Такегучи туралы ақпарат шықты. Қазақтың кең тынысты музыкасына шын ға­шық бол­­ған Акира дом­­быраны ал­ғаш рет Ыстам­бұл­­да көріп, кейін бұл аспапты жанынан тастамайтын бол­ған. Қазіргі уа­қыт­та жапон күй­ші­сінің репертуарында «Адай», «Са­рыар­­қа», «Балбырауын» секілді 20-дан астам күрде­лі күй бар. Тіпті, «Аққу» күйі­мен Жапонияда өткен м­у­зыкалық конкурста бас жүлдені иеленіп, қазақ өнерінің құдіретін Күншығыс елінде тағы бір айғақ­тады.

Күні кеше Астанадағы «Нұр­жол» желекжолында «ашық микрофон» форматында кезекті Dombyra Party ұйымдас­тырыл­ды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары өз домбырасын ала келіп, күй тартып, халық ән­дерін орындап, мерекелік көңіл күй­дің бір бөлшегіне айналды.

Тамырдағы әр тамшы қаны­мызды тулатып, даланың дүбірін жаңғыртқан іс-шара жыл сайын ауқымын кеңейтіп, дәстүрлі өнер­дің заманауи келбетін қалып­тас­тырып келеді. Қасиетті қара дом­быраның үні әрдайым ұлттық бол­мысымыз бен рухани құнды­лығымыздың басты көрсеткіші болып қала бермек.

 

Айсұлу ЕРДӘУЛЕТҚЫЗЫ,ЕҰУ-дың 2-курс студенті