Бизнестің ұсыныстары – өнеркәсіптік саясаттың өзегі

Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау көрсету шаралары «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі отырысының негізгі тақырыптарына айналды. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиында бизнестің, салалық қауымдастықтардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қазақстандық өндірісті дамытуға қажет жүйелі өзгерістерді талқылады.

Отырысты ашқан Айбек Дәде­бай жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен мемлекет дамуының жаңа кезеңі бастал­ғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заңда бекітілген қағи­даттар жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын ашу және отандық бизнестің дамуына қол­айлы жағдай жасау арқылы эко­номикада нақты көрініс табуға тиіс. Кейінгі он жылда өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі шамамен 50 пайызға өсіп, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10,2 пайыз­дан 13 пайызға дейін артты. Келесі кезеңнің міндеті – үстінен қосылатын құны жоғары өнім өндіретін өндіріс­терді дамыту. 

«Қосылған құн – XXI ғасыр­дың жаңа мұнайы. Сондықтан өңдеуші өнеркәсіп туралы әңгі­ме – Қазақ­станның экономика­лық дербестігі туралы әңгіме деген сөз. Интеллек­тіні, техно­логияны және дайын өнім­ді экспорттайтын мемлекет әрдай­ым өз болашағын өзі айқындау ісінде әлдеқайда көп мүмкіндікке ие», – деді Айбек Дәдебай. 

Күн тәртібіндегі маңызды мәсе­ле­нің бірі – мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру. Іскерлік кеңеске қатысушы­лар­дың пікірінше, бұл жүйе отандық өндірісті дамыту ісін ынта­лан­дыруға тиіс. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашу және жергі­лікті өнім өндірісін жолға қою деген сөз. Мәселен, Саяси кеңес бюро­сы­ның мүшесі, «Универсал» ком­­пания­сының басшысы За­мира Кузиева жеткізушілерді тек тауардың шығу тегіне қарай емес, олардың Қазақстан эконо­микасына қосқан үлесіне қарай бағалауды ұсынды. 

«Мемлекеттік сатып алу жүйесі тек тауарлар мен қызмет­терді сатып алу тетігіне емес, сонымен бірге отан­дық өнер­кәсіпті дамыту құралы­на айнал­уға тиіс», – деді ол. 

Ал «Каустик» АҚ-ның бас дирек­торы Ермек Тоқмағамбетов қолдау шараларын толықтыруды ұсынды. Оның айтуынша, кәсіп­орын отандық шикізатты өңдей­ді, өнімдегі локали­зация деңгейі 95 пайыздан асады, ал өндірісті дамытуға салынған инвести­ция көлемі 100 миллион АҚШ дол­лары­нан асып отыр. 

«Елішілік құндылықтар дең­гейін ескере отырып, өндіру­шілерді санат­тарға бөлу жүйесін енгізу, сондай-ақ локализация деңгейі жоғары кәсіп­орын­дарға мемлекет тарапынан қол­дау көр­сету шара­ларын басымдықпен ұсыну қадам­дарын қарастыру қа­жет», – деді Ермек Тоқмағам­бетов. 

Қатысушылар ішкі нарықты тиім­ді қорғап алмайынша, ло­кализацияға қолдау көрсету мүм­кін емес екенін жеткізді. Қаз­ақ­стандағы цемент және бетон өн­дірушілер қауымдасты­ғының басшысы Ғылымхан Қали ұлттық стан­дарттарды жаңарту қадамы сапа­сыз цемент импортының көлемін қыс­қар­туға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ал «Адал Тауар» қауымдас­тығының төр­ағасы Гүлмира Уа­хитова былтыр Қазақстанда 205 мыңнан астам контрафактілік өнім бірлігі анық­­талып, заңсыз айналымдағы 8,6 миллион қорап темекі өнімі тәркі­ленгенін мәлімдеді. 

«Адал еңбек ететін бизнес заңды қасақана бұзатындармен бәсеке­лесуге мәжбүр болып отыр. Ең негізгі мәселе – осы», – деді Гүлмира Уахитова. 

Іскерлік кеңес барысында айтыл­ған барлық ұсыныс іс жүз­інде жалға­сын табуға тиіс. Айбек Дәдебайдың айтуын­ша, әрбір өнеркәсіптік жоба­ның артын­да кәсіпкерлер, инженер­лер, жұ­мыс­шылар және олардың отба­сы­лары тұр. Сондықтан отандық өндірісті дамыту қадамы еліміз­дің әрбір өңірінде нақты нәтиже беруі қажет. 

«Конституция нормаларын кә­сіп­керлер, инженерлер, жұ­мыс­шы­лар, инвесторлар және әрбір қазақ­стан­дық отбасы нақ­ты сезінетін ше­шімдерге айнал­дыру маңызды», – деді партия Төрағасы. 

Ол QR-код арқылы онлайн фор­матта қазақстандықтар өз бастама­ларын ұсынып, мәселе­лері туралы хабарлай алатынын еске салды. «Әділет» партиясы Іскерлік кеңесі мүшелерінің барлық ұсынысы алдағы уақытта жүйелі жұмыс жүргізу мақса­тында Қазақстанның өнеркәсіп­тік саясатының Ақ кітабына (White Paper) біріктіріледі. Құжатқа бизнес өкілдері­нің бастамалары, сарапшы­лардың ұсынымдары және оларды кезең-кезе­ңі­мен жүзеге асыру жос­пары енгізіледі.