Азия сайысындағы адым

Азия кубогы (AVC Nations Cup 2026) – құрлықтағы ең беделді волейбол жарыстарының бірі. Бұл турнир – әрбір команданың шеберлігі мен төзімін, түрлі қабілетін айқындайтын дода. Биылғы Азия Ұлттар кубогы Үндістанның Ахмедабад қаласында өтті. Құрлықтың үздік құрамалары бақ сынасқан турнирде Қазақстан ерлер волейбол командасы Аустралиямен кездесіп, 3:2 есебімен жеңіске қол жеткізді.

Ең бастысы – отандық құрама кездесуде 0:2 есебімен қауіпті кезеңді бастан кешіре тұра керемет камбэк жасады. Команда финалдық кезеңде жеңіс тұғырынан көріне алмаса да, бесінші орынға жетуінің өзін үлкен көрсеткіш деп санадық. 

Қазақстан құрамасы турнирге тыңғылықты дайындықпен әрі жаңа ойыншылармен келді. Кейінгі жыл­дары ұлттық құрамада жас ойын­шылар мен тәжірибелі волей­болшылардың үйлесімі қалыптасып жатыр. Бапкерлер штабы командаға жылдам ойын, ұйымшыл қорғаныс және шабуылдағы белсенділікті басты міндет ретінде жауапкершілік жүктеді.

Іріктеуде қарсылас болған Аус­тралия волейбол құрамасы да осал емес, ол Азия аймағындағы ең тәжір­ибелі ойыншылар қатарына жатады. Физикалық дайындығы жоғары, бойы ұзын волейбол­шы­лардан құралған команда халық­аралық аренада үздік нәтиже көр­сеткен, сондықтан кездесу алдында мамандар бұл матчты мүмкіндігі тең екі қарсыластың тартысы ретінде бағалады. 

Тәуекелге толы тартыс

Осы материалды дайындап жатқан сәтімізде отандастарымыз тартысты кезеңдерді бастан өткеріп жатқан еді, дегенмен де команда ойыншылары уақыт тауып сұрақ­тарымызға жауап берді. Олар Аус­тра­лия­мен болған кездесуді, расы­мен де, сұрапыл айқасқа теңеді. 

Кездесудің бастапқы екі кезеңі Аустралия құрамасының басым­дығымен өтті. Бірінші сетте қарсы­лас команда шабуылдағы дәлдігі мен блоктағы сенімді ойынның арқасында 25:15 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші партияда да аустра­лиялықтар сол басымдығын сақтап, 25:21 есебімен алға шықты. Бұл туралы Қазақстан волейбол құрама­сының ойыншысы Владислав Мастихин мынадай пікір білдірді:

– Матчтың басталуы біз үшін сәтті бола қойған жоқ. Бұған Үндіс­тан құрамасымен болған кездесудегі алдыңғы жеңілістің де әсері тиюі мүмкін. Алғашқы екі партия да өз ойынымызды толық көрсете алмай, бірқатар қатеге жол бердік. Кейбір сәттерде шабуылда да, қорғаныста да тұрақтылық жетіспеді. Дегенмен команда қиын жағдайда мойымай, мінез көрсете білді,– дейді коман­даның шеткі шабуылшысы.

Аустралиялық волейболшылар әрбір мүмкіндікті тиімді пайдала­нып, есеп айырмасын біртіндеп ұлғайтты. Қазақстан құрамасы бірнеше мәрте есепті қысқартуға тырысқанымен, қарсыластың қор­ғанысы мен шабуылдағы дәлдігі басым болды. Нәтижесінде, алғаш­қы партия 15:25 есебімен Аустралия құрамасының пайдасына аяқталды.

Екінші партия да Қазақстан үшін тіпті оңай болған жоқ. Қабыл­даудағы қателіктер мен шабуылдағы дәлсіздіктер өз әсерін тигізді. 

Ау­стра­лия құрамасы матчтағы басым­дығын арттырып, есепті 2:0-ге жеткізді. Көптеген жанкүйер үшін бұл нәтиже кездесудің тағдырын нақ­ты шешкендей көрініп еді, алайда спорт бәйгесінің қызығы енді басталды. 

– Ең қиын сәт бастапқы екі кезең болды. Қарсылас ойын тіз­гінін өз қолына алып, есеп бойынша басымдыққа ие болды. Мұндай жағдайда психологиялық тұрғыдан сыр бермеу өте маңызды еді. Біз сабыр сақтап, өз ойынымызға сендік және командалық ойынға басымдық бердік. Нәтижесінде, шоғырлануды жоғалтпай, ойынның шешуші сәттерінде маңызды ұпай­ларды еншілеп, кездесуді пайдамыз­ға аяқтай алдық, – дейді құраманың байланыстырушысы Нұрлыбек Мақсат.

Камбэкпен келген жеңіс

Алғашқы екі сетте жеңіліске ұшыра­ған Қазақстан құрамасы бұл жолы алаңға мүлде басқа көңіл күймен шықты. Ойыншылардың жылдамдығы артып, шабуылдағы белсенділік көбейді. Команда әрбір ұпай үшін соңына дейін күресіп, қарсыласқа қысым көрсете бастады. Бапкерлер штабы енгізген такти­ка­лық өзгерістер де нәтижесін берді. Қазақстандық волейболшылар доп қабылдауда сенімді ойнап, шабуыл­дарды тиімді ұйымдастырды. Тор маңындағы сәтті блоктар мен дәл соққылар есеп айырмасын қысқар­туға мүмкіндік берді. Әсіресе ше­шу­ші сәттерде ойыншылардың сал­қынқандылығы ерекше байқалды.

Партия соңында екі команда арасында тартыс күшейе түсті. Де­генмен спортшыларымыз маңыз­д­ы ұпайда қателік жібермей, бастаманы өз қолында сақтап қалды. Нәтиже­сінде, Қазақстан құрамасы үшінші сетте 25:23 есебімен алға шығып, матчқа қайта оралды. Бұл жеңіс ком­андаға сенім сыйлап, келесі пар­тияларға мотивация берді. Үш­ін­ші партияда жерлестеріміз ойын қарқынын үдете түсті, ша­буыл­дағы белсенділігі де артып, қорғаныста сенімді ойын көрсетті.

– Ойын барысында өз ырға­ғы­мызды тауып, бапкерлер ұсынған тактиканы тиімді іске асыра баста­дық. Әр ұпай үшін күресіп, біртіндеп матчтың барысын пайдамызға өзгерттік. Команда мүшелері бір-біріне қолдау беріп, алаңда ұйым­шы­лдық танытты. Әсіресе шешуші сәттерде сабырлық сақтап, маңызды ұпайларды еншімізге байладық, – дейді В.Мастихин.

Қазақстандық волейболшылар ойынға қарқын қосып, шабуылды жиілетті, бәлкім алдағы кездесу­лер­де де күш ала бастауына осы ойын әсер еткен шығар. Команда көшбас­шылары жауапкершілікті мойынға алып, әр ұпай үшін соңына дейін күресті.

– Бапкерлер штабының уақы­ты­лы тактикалық өзгерістері мен ойыншыларды сәтті алмастыруы матч тағдырын шешкен негізгі фак­торлардың бірі болды. Ойын бары­сында енгізілген түзетулер коман­да­ның қарқынын өзгертіп, қарс­ы­лас­тың осал тұстарын тиімді пайда­лануға мүмкіндік берді, – дейді құ­ра­ма ойыншысы Нұрлыбек Мақсат.

Шешуші сеттер

Төртінші партияда В.Мастихин мен А.Ізбергенұлы допты ойынға қосуда сәтті өнер көрсетіп, эйс ар­қы­лы команда қоржынына ма­ңыз­ды ұпайлар әкелді. Партияның ше­шуші сәтінде есеп 24:22 болғаны­мен, Аустралия құрамасы екі бірдей матчбол мүмкіндігін пайдалана ал­ма­ды. Ал тор маңында Клим Рюхов­тың сәтті тосқауылдары қарсылас шабуылын тоқтатуға мүмкіндік беріп, Қазақстан құрамасы төртінші сетті 26:24 есебімен аяқтады.

Шешуші бесінші партияда С.Трикоз баптайтын Қазақстан құра­ма­сы табандылық танытып, жеңісті пайдасына шешті. Тартысқа толы тай-брейк 16:14 есебімен аяқ­та­лып, ұлттық құрама камбэк жа­сап, матчта 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирдегі алғашқы жеңі­сі­не қол жеткізіп, қоржынына маңыз­ды екі ұпай жазды.

Мөлдір БОЛАТҚЫЗЫ, ЕҰУ-дың 2-курс студенті