Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезінде 2024 жылғы 4 қазанда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділ сот мемлекеттің берік тірегі екенін, ал сот жүйесі беделді әрі бейтарап болуға тиіс екенін атап өтті. Президент тәуелсіз әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру ісіндегі Жоғары Сот Кеңесінің айрықша рөлін атап өтіп, сот кадрларын іріктеуге және олардың біліктілігін арттыруға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығына назар аударды.
Аталған басымдықтар Кеңес қызметінің стратегиялық бағдарларын айқындайды. Оларды іске асыру судьялар корпусын даярлау мен кәсіби дамытудың заманауи жүйесінсіз мүмкін емес.
Бүгінде біліктілікті арттыру судьяның кәсіби тұрғыдан үздіксіз дамуының ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Оның мақсаты – үнемі өзгеріп отыратын заңнама мен сот практикасы жағдайында білімді уақытылы жаңартып отыру, практикалық дағдыларды жетілдіру, сондай-ақ заңды, уәжді және әділ сот шешімдерін қабылдау үшін қажетті кәсіби әрі әдептік құзыреттерді дамыту. Мұндай жүйе заңнаманың біркелкі қолданылуына, сот билігінің тәуелсіздігін нығайтуға және қоғамның сотқа деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Дәл осы себепті Жоғары Сот Кеңесі қызметінің негізгі бағытының бірі ретінде судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қоса алғанда, сот білімінің заманауи жүйесін дамыту айқындалды.
Осы жұмыстың маңызды кезеңінің бірі – 2024 жылы Сот төрелігі академиясының Кеңес қарамағына берілуі болды. Бұл шешім судья кадрларын даярлау және олардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Осы жұмыстың заңды жалғасы ретінде 2025-2027 жылдарға арналған Сот төрелігі академиясын дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Бұл құжат білім беру ұйымын дамыту бағдарламасының шеңберінен әлдеқайда ауқымды мәнге ие. Ол Жоғары Сот Кеңесінің кадр саясатын іске асырудың жаңа тәсілдерін айқындайды. Алғаш рет сот білімі судьяның кәсіби қалыптасуының барлық кезеңдерін – кадр резервін қалыптастырудан бастап, қызметтегі судьялар мен сот төрағаларының құзыреттерін үздіксіз жетілдіруге дейін қамтитын біртұтас әрі үздіксіз кәсіби сүйемелдеу жүйесі ретінде қарастырылды.
Тұжырымдама сот білімі саласындағы кейінгі барлық жаңғырту жұмыстарын өзара сабақтас жүйеге біріктірді. Судьялардың біліктілігін арттырудың дараландырылған бағдарламалары, референдиат институты, сот төрағаларын қайта даярлау және қосымша білім беру жүйесін дамыту – барлығы қазіргі заманғы судьялар корпусын қалыптастыруға бағытталған бірыңғай стратегияның өзара байланысты құрамдас бөліктеріне айналды.
Халықаралық тәжірибе мұндай тәсілдің тиімділігін дәлелдеп отыр. Францияда Ұлттық магистратура мектебі судьяның бүкіл кәсіби қызметі барысында оның кәсіби дамуын қамтамасыз етіп, заңнама мен сот практикасының өзгерістеріне сәйкес білім беру бағдарламаларын тұрақты түрде жаңартып отырады. Нидерландта оқыту жүйесі судьялардың мамандануы мен кәсіби қажеттіліктерін ескеретін жеке білім беру траекториялары негізінде ұйымдастырылған. Ал Сингапур Сот колледжі үздіксіз білім алуды судья кәсібінің міндетті құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, құқық мәселелерімен қатар сот әдебі, көшбасшылық, сот әкімшілігі және заманауи технологияларды қолдану бағыттарына ерекше көңіл бөледі.
Осыған ұқсас тәсілдер соттарды басқару саласындағы халықаралық институттардың ұсынымдарында да көрініс тапқан. Олар үздіксіз оқытуды сот төрелігінің сапасын қамтамасыз ететін маңызды кепілдіктердің бірі ретінде бағалайды. Қазақстан бұл қағидаттарды ұлттық құқықтық жүйенің ерекшеліктеріне бейімдей отырып, кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
Қазіргі сот төрелігі судьяға осыдан он жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары талаптар қояды. Заңнама үнемі жаңартылып, жаңа құқықтық институттар қалыптасуда, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңеюде, адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарының ықпалы артып келеді. Сонымен қатар қоғам сот шешімдерінің жоғары сапасын, сот практикасының біркелкілігін, сот актілерінің нанымды уәжделуін және сот жүйесінің ашықтығын күтеді.
Осындай жағдайда судьяның кәсібилігі үздіксіз жетілдіруді талап етеді. Сондықтан Жоғары Сот Кеңесі сот білімін біліктілікті кезең-кезеңімен арттыру құралы ретінде емес, судьяны бүкіл кәсіби қызметі барысында сүйемелдейтін жүйелі кәсіби даму тетігі ретінде қарастырады.
Бұл модельді іс жүзінде іске асыру қосымша кәсіптік білім беру жүйесін реформалаудан басталды.
Алғашқы шешімдердің бірі ретінде біліктілікті арттырудың дараландырылған бағдарламалары енгізілді. 2025 жылы Сот төрелігі академиясында алғаш рет судьялардың біліктілігін арттырудың дәстүрлі «жалпыланған» бағдарламаларынан дараландырылған оқыту бағдарламаларына кезең-кезеңімен көшу басталды. Жаңа тәсіл оқу бағдарламаларын судьялардың нақты тақырыптар бойынша білім қажеттіліктеріне қарай қалыптастыруды, сондай-ақ тиісті саладағы жоғары білікті дәріс берушілерді тартуды көздейді.
Бұл міндетті іске асыру әрбір судьяның біліміндегі жеке олқылықтардың орнын толықтыруға бағытталған оқыту жүйесін қалыптастыруға және соның нәтижесінде біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырудың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да судьяларды оқытуды одан әрі дараландыру бағыты сақталатын болады.
Тағы бір маңызды бағыт – 2025 жылы аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағаларын қайта даярлау бағдарламаларының жаңа форматта қайта іске қосылуы болды.
Қазіргі заманғы сот төрағасы – тәжірибелі судья ғана емес, сонымен қатар сот қызметін ұйымдастыруға, ұжым жұмысының тиімділігіне және кәсіби ортаны қалыптастыруға жауапты басшы. Әлемдік тәжірибе сот жүйесінің табысты жұмыс істеуі көбіне сот менеджментінің сапасына байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан сот басшыларын даярлау бағдарламаларына стратегиялық басқару, көшбасшылық, өзгерістерді басқару, тиімді коммуникация және цифрлық трансформация мәселелері енгізіледі.
Бұл тәсілдер алғаш рет Сот төрелігі академиясында да іске асырылды. Қайта даярлаудың жаңа бағдарламалары сот төрағаларының басқарушылық құзыреттерін дамытуға бағытталған. Бұл оларға сот ұжымдарының жұмысын тиімді ұйымдастыруға және судьялардың өздерінің басты міндеті – әділ сот төрелігін жүзеге асыруға толыққанды ден қоюына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
2025 жылы Сот төрелігі академиясында алғаш рет референдиат институты іске қосылды. Бұл – сот жүйесінің кадр резервін қалыптастыруға бағытталған, судьялыққа әлеуетті кандидаттарды даярлаудың жаңа бағдарламасы. Референдиат курстары үміткерлерді судья лауазымына орналасуға арналған біліктілік емтиханына жан-жақты дайындауға бағытталған.
Бағдарлама құқықтың негізгі салаларын және сот ісін жүргізудің барлық басты түрлерін қамтиды: азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу. Оқу барысында тыңдаушылар өзекті сот практикасын зерделейді, нақты құқықтық жағдаяттарды талдайды және құқықтық талдау жасау дағдыларын жетілдіреді.
Бағдарламаның айрықша ерекшелігі – оқу үдерісіне Жоғарғы Сот пен жергілікті соттардың судьяларының, Жоғары Сот Кеңесі мүшелерінің, Сот төрелігі академиясының профессорлық-оқытушылық құрамының, жетекші ғалымдар мен тәжірибелі заңгерлердің тартылуы. Мұндай оқыту форматы кәсіби тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз етіп, болашақ судьялыққа кандидаттарға сот қызметінің озық стандарттарын тікелей меңгеруге мүмкіндік береді.
Қосымша білім беру жүйесін заң қоғамдастығының өкілдері үшін кеңейту де маңызды бағыттың біріне айналды.
Жоғары Сот Кеңесі сот төрелігінің сапасы көп жағдайда сот процесіне қатысушылардың барлығының жалпы кәсіби мәдениетінің деңгейіне байланысты деген ұстанымды басшылыққа алады. Осыған байланысты Сот төрелігі академиясы адвокаттарға, нотариустарға, заң консультанттарына, корпоративтік заңгерлерге және заң қоғамдастығының өзге де өкілдеріне арналған білім беру бағдарламаларының аясын едәуір кеңейтті. Мұндай формат кәсіби диалогтың дамуына және заңнаманың біркелкі қолданылуына ықпал етеді.
Сот төрелігі академиясында жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар сот білімін дамытудың бірыңғай стратегиясының өзара сабақтас элементтері болып табылады. Конституция мен заңдарда өзіне жүктелген кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру жөніндегі міндеттерді орындай отырып, Жоғары Сот Кеңесі сот жүйесінің мемлекеттік кадр саясатының аса маңызды құрамдас бөлігі ретінде сот білімін дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Жүргізіліп жатқан барлық жаңғырту жұмыстарының түпкі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Сондықтан судьялардың кәсіби дамуына салынған инвестиция – бұл сот төрелігінің сапасына, қоғамның сот билігіне деген сеніміне және заң үстемдігінің нығаюына салынған инвестиция. Сотқа деген сенім құқықтық мемлекеттің кемелденуінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып қала береді және Әділетті Қазақстанды одан әрі құрудың негізгі алғышартының бірі болып табылады.
Дмитрий МАЛАХОВ, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы