Іс-шараға Астананың қалыптасуына айрықша үлес қосқан азаматтар, қала әкімдігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, архив саласының мамандары, тарихшы-әдебиеттанушы ғалымдар, қаламгерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты – елорданың тарихи даму жолын архив құжаттары негізінде насихаттап, тарихи жадыны сақтау, ұлттық мұраны ұлықтау және қоғамның тарихи санасын нығайту. Басқосу Астананың өткені мен бүгінін өзара сабақтастырып, тарихи мұраны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды рухани алаңға айналды. Жиынды Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин ашып, форумның негізгі мақсаты елорда тарихына архив деректері арқылы жаңаша пайыммен қарау қажет екенін атап өтті.
«Бүгін біз мұрағат құжаттары арқылы елордамыздың тарихына жаңаша көзқараспен қарау үшін бас қосып отырмыз. Өйткені мұрағат – бұл тек тарихи мұра қоймасы емес, сонымен бірге тарихи сананы қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін аса маңызды рухани институт. Мысалы, Есіл бойындағы ғасырлар куәсі болған Қараөткел – Астананың тарихи негізі. Алып шаһардың бүгінгі келбетін түсіну үшін оның өткеніне үңілу қажет. Форум аясында «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты мұрағат құжаттарының экспозициясы, сондай-ақ елорда тарихына арналған кітап көрмесі ұсынылған. Олар өткен шақты бүгінгі күнмен байланыстыруға және қаламыздың жарқын болашағына жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді», – дей келе, Жангелді Бимолдин қазіргі астанамыздың тарихына қысқаша шолу жасап өтті.
Басқосуда Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп кешегі тарих архивте хатталса, бүгінгі шежіре де содан орын алатынын айтып, бұл іс-шараның маңызына ерекше тоқталды.
– «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді дана халқымыз. Бүгінгі айтулы іс-шараға бас шаһарымыздың дамуына хал-қадірінше қызмет етіп жүрген игі жақсылар жиналып отыр. Өткенімізді сақтап, бүгінмен байланыстыратын, ел мұрасын келешек ұрпаққа жеткізетін архив ісінің ұйымдастырып отырған конференция-форумына қош келдіңіздер! Бұл басқосуды қаламыздың өткеніне көз жүгірту арқылы бүгініміздің бағасын дұрыс бағамдайтын маңызды шаралардың бірі деп есептеймін. Қала тарихы мен қалыптасу жолы жайлы мазмұнды ақпараттарды бірге тыңдайық, – деп түйіндеді басқарма басшысы.
Форум барысында елорданың қазіргі әлеуметтік-экономикалық тынысы мен инфрақұрылымдық жобалары туралы Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Мирас Әбдірахман кеңінен баяндады. Ол өз сөзінде шаһарды «смарт сити» (ақылды қала) бағытында дамыту, жол-көлік жүйесін жетілдіру және қаланы «жасыл қалаға» айналдыру жоспарларына арнайы тоқталды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінде елорда тұрғындарының саны 1 млн 600 мыңға жеткен. Бас шаһар тұрғындар үшін өмір сүруге барынша қолайлы әрі қауіпсіз қала ретінде танылып келеді. Оған нақты дәлел де бар: халықаралық Numbeo рейтингінде елорда небәрі бір жыл ішінде 105-орыннан 81-орынға ілгерілеп, әлемдегі «ең қауіпсіз 100 қаланың» қатарына енді. Сөз соңында Мирас Әбдірахман жиынға қатысқан шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне үндеу тастады. Басқарма басшысы елордалық ақындар мен жазушыларды жас буынға арналған туындыларды көбірек шығаруға және Астананың бүгінгі көркем келбеті мен атқарылып жатқан жасампаз істерін кеңінен насихаттауға шақырды.
Алқалы жиынның екінші бөлімі мазмұнды конференция форматында жалғасты. Басқосу мінбесінен сөз алған белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов кешегі Ақмола мен Целиноградтың қаламгерлері туралы айтып, елорданың бүгінгі қалам иелері жайында толғанды. Айтуынша, қазір астанада 200-дей жазушы бар екен. Бұл Астананың да жазушылар, ғалымдар қаласына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Белгілі қаламгер, ғалым, ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы «Алаш және Астана» тақырыбында мазмұнды әңгіме өрбітті.
– Ақмола – елмен, ұлтпен бірге жасап келе жатқан мекен. Бұл жерде Алаш кезеңіне байланысты оқиға көп. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ірі саяси қайраткерлігімен қатар, қазақ даласының көне мұрасын түгендеген бірегей этнограф та болды. Оның осы өңірдегі көне қорымдар мен тарихи ескерткіштер жайында жергілікті болыстарға жазған хаттары бар. Мұнда Әлихан бабамыз өңірдегі әрбір жәдігерді тұтас ұлт тарихымен байланыстырған. Әлихан идеясы шынында дәлелденіп шықты: Бозоқ қалашығы мен Бытығай кесенесі сияқты көне орындар бұл аймақтың тарихы тым тереңде жатқанын айғақтап берді. Біз Ақмола тарихын айтқанда, көпестер туралы жиі айтамыз. Сол заманда қазақпен етене араласып, бауырласып кеткен татар текті Халфин есімді ірі зиялы қайраткер, дәулетті көпес өмір сүрген. Осы азаматтың Алаш үшін біраз қаржылай қолдау көрсеткені Әлихан Бөкейханның еңбектерінде анық жазылған. Әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлының қос томдық зерттеу кітабында бұл мәліметтер көрсетілген. Осыдан кешегі Ақмоланың зиялылары мен демеуші көпестері қаланың жаңғыруы, жаңа жолға түсуі мен еуропалық бағытта дамуы үшін өз қаржысы мен еңбегін аямағанын көруге болады, – деді Д. Қамзабекұлы.
Тележурналист, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Құдайберген Целиноград телеарнасының тарихына тоқталып, қазір қалалық телеарна ашу керектігі жөнінде ойын жеткізді.
Форум аясындағы тағы бір маңызды оқиға – елорданың өткені мен бүгінін бедерлеген көрмелердің ашылуы болды. Көпшілік назарына ұсынылған «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты архивтік құжаттар мен елорда тарихына арналған кітаптар көрмесі жиналған қауымды уақыт саяхатына жетелегендей күйге бөледі. Екі сағатқа созылған тағылымды форум елорда тарихынан сыр шертетін арнайы бейнероликпен тәмамдалды. Онда ІХ-Х ғасырларда Есіл өзенінің аңғарында ірге тепкен көне Бозоқ қаласы мен ұлы даланың тарих пен тағдыр тоғысқан қасиетті бекеті – Қараөткел жайындағы құнды деректер көпшілік назарына ұсынылды. Тұтастай алғанда, алқалы іс-шарада бас шаһардың тарихи қалыптасу жолы, қоғамдық-әлеуметтік даму қарқыны, рухани құндылықтары мен заманауи келбеті кеңінен әңгіме өзегіне айналып, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Тағылымды кездесудің соңы ұлттық рухты асқақтатқан патриоттық концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Сымбат Бегімбай