ҚазҰУ – Орталық Азиядағы алғашқы ұшатын госпиталь жобасының ресми серіктесі

Рәсім барысында қатысушыларға C909 ұшатын госпиталінің мүмкіндіктері таныстырылып, оның жоғары технологиялық медициналық жабдықтары көрсетілді.

Алматы халықаралық әуежайында «Әуедегі денсаулық – Жібек жолы» жаһандық бастамасы аясында C909 «Офтальмология және ЛОР-денсаулығы» ұшатын госпиталінің таныстырылымы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Орталық Азиядағы бірегей жоба Фудань университетінің Офтальмологиялық және отоларингологиялық ауруханасы, Қытайдың коммерциялық авиация корпорациясы (COMAC) және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің серіктестігімен ұйымдастырылды.  

Шара аясында ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультеті мен Фудань университетінің Офтальмологиялық және отоларингологиялық ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы офтальмология саласындағы әріптестік жөніндегі көпжақты келісім рәсімделді.

Рәсім барысында қатысушыларға C909 ұшатын госпиталінің мүмкіндіктері таныстырылып, оның жоғары технологиялық медициналық жабдықтары көрсетілді.

Айта кетсек, C909 – офтальмологиялық және оториноларингологиялық көмек көрсетуге арналған әлемдегі алғашқы мамандандырылған әуе медициналық кешені. Ол халықаралық стандарттарға сай ота жасау бөлмесімен, телемедицина жүйелерімен және көз дертін анықтайтын жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. Госпиталь скринингтен бастап, хирургиялық емдеу және оңалтуға дейінгі медициналық көмектің толық циклін қамтамасыз етеді.

Миссия аясында Алматыда қос ел мамандарының қатысуымен конференциялар, Қытай – Орталық Азия офтальмологтарының симпозиумы, пациенттерге тегін консультациялар және 5G технологиясы арқылы телемедициналық кеңестер ұйымдастырылады. «Әуедегі денсаулық – Жібек жолы» жобасы Орталық Азия тұрғындарының жоғары білікті медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға жол ашады.

Ауқымды шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының өкілдері, Қазақстанның мемлекеттік органдарының басшылары, ҚХР Сауда министрлігі Сауданы дамыту бюросы бас директорының орынбасары Дэн Бо, ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі басшысының орынбасары Ми Цзяньин және өзге де мәртебелі қонақтар қатысты.

Салтанатты рәсімде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтауы жеткізілді. Хатта «C909 ұшатын госпиталінің миссиясы – Қазақстан мен Қытай арасындағы медицина, ғылым және жоғары білім салаларындағы ынтымақтастыққа тың серпін беріп, академиялық алмасу мен бірлескен зерттеулердің көкжиегін кеңейтеді», – деп атап көрсетілген.

Естеріңізге сала кетсек, 2 шілдеде университет қабырғасында «Қытай – Қазақстан: офтальмологиядағы жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл ғылыми алаң екі елдің ғалымдары мен дәрігерлерінің тәжірибе алмасуына, бірлескен зерттеулерді дамытуға үлкен мүмкіндік берді.