Қазақстанда 12 мыңға жуық адамды кене шаққан

Қазақстанда кене белсенділігі маусымы жалғасып жатыр.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомствоның мәліметінше, биыл кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінген 12 мыңға жуық адамға кенеге қарсы иммуноглобулин егілген. Мамандардың айтуынша, кене шаққан адамдардың басым бөлігі дер кезінде шұғыл профилактика алады.

Жыл басынан бері кене энцефалитіне қарсы 9 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Сонымен қатар кене энцефалитіне күдікпен 454 адам тексеріліп, зертханаға жіберілген 1200 кененің 20-сынан ғана вирус анықталған.

Қазір эндемиялық өңірлерде иммуноглобулиннің жеткілікті қоры бар. Сондай-ақ кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары еліміздің көптеген өңірінде жалғасып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі табиғат аясына шыққанда жабық, ашық түсті киім киіп, репеллент қолдануға және денені жиі тексеріп тұруға кеңес береді. Егер кене қадалса немесе шаққаннан кейін дене қызуы көтеріліп, әлсіздік байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.