Бекет атаға барар жолда жоғалған үш адам аман-есен табылды

Алдын ала мәлімет бойынша, автокөлік батпаққа батып қалып, жолаушылар әрі қарай қозғала алмаған.

Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне зияратқа барып, бірнеше күннен бері із-түзсіз жоғалған үш тұрғын аман-есен табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ауқымды іздестіру жұмыстары барысында жоғалғандар мінген көлік Қыдырша ата шатқалынан шамамен 35 шақырым жердегі жетуі қиын аумақтан табылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, автокөлік батпаққа батып қалып, жолаушылар әрі қарай қозғала алмаған. Соның салдарынан олар сыртқы әлеммен байланысқа шығу мүмкіндігінен айырылған.

Үш тұрғынды алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтады. Қазір олар Ақжігіт ауылына жеткізіліп, медициналық тексеруден өтіп жатыр.

Еске салайық, жоғалғандар соңғы рет 2 шілде күні Бекет ата мешіті аумағынан WhatsApp арқылы бейнежазба жіберген. Осыдан кейін олармен байланыс үзілген болатын.

Іздестіру жұмыстарына полиция, төтенше жағдайлар қызметі, «Охотзоопром» мамандары, еріктілер, сондай-ақ тікұшақтар мен арнайы техника жұмылдырылды.