Жамбыл облысында жалғызбасты әйелді өз пәтерінде аса қатыгездікпен өлтірген күдіктіге қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сондай-ақ қылмысты жасыруға әрекеттенген тағы екі адам да бас бостандығынан айырылды.
Оқиға өткен жылы Шу ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Бірнеше күн бойы анасымен байланыса алмаған ұлы Алматыдан арнайы келіп, әйелдің жансыз денесін өз пәтерінен тапқан.
Тергеу мәліметінше, 40 жастағы әйелдің мәйіті бірнеше күн бойы пәтерде жатқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында негізгі күдікті ұсталып, кейін оның қылмыс кезінде жанында болған тағы екі адамның ауыр қылмысты жасыруға әрекеттенгені анықталған.
Сот үкімімен негізгі айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал қылмысты жасырды деп айыпталған екі азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 434-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз хатшысы Алина Райымбаева мәлімдеді.