Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы бері үш адам суға батып кетті, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Алғашқы қайғылы жағдайдан кейін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су айдынындағы профилактикалық жұмысты күшейтті.
Олардың айтуынша, «Балаларды судағы қауіптен сақтаңыз!» республикалық акциясы аясында жағажайларда ата-аналармен түсіндіру жұмысын жүргізіп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ең алдымен ересектер жауапты екенін еске салып жатыр.
Жаз басынан бері 1090 рейд өткізіліп, қауіпсіздік талаптарын бұзған 80-нен астам адам анықталған. Қазір балаларымен демалуға келген отбасыларға ерекше көңіл бөлініп отыр.
— Басты мақсатымыз — қайғылы оқиғалардың алдын алу. Сол себепті облыстың халық көп шоғырланатын су айдындарында профилактикалық жұмыстар күн сайын жүргізіледі, — дейді құтқарушылар.
ТЖД қызметкерлері азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға, мас күйде суға түспеуге, бейтаныс жерлерде жүзбеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Сондай-ақ қайықпен, катермен немесе өзге де жүзу құралдарымен жүрген кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажеттігін жеткізді.