Екі қазақстандық боксшы U23 Азия чемпионатының ширек финалына өтті

Алғаш болып U23 санатындағы спортшылар жарыс жолына шықты.

Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U19 және U23 жас санатында Азия чемпионаты басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Алғаш болып U23 санатындағы спортшылар жарыс жолына шықты. Бүгін, 6 шілдеде Қазақстан құрамасының атынан екі боксшы сынға түсті.

Күндізгі сессияда Асылхан Көшербай 65 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында Бутан өкілі Дечен Дорджимен қолғап түйістірді. Нәтижесінде қазақстандық боксшы үш раундтың қорытындысы бойынша 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ол ширек финалға жолдама алды.

ҚР ҰОК мәліметінше, кешкі сессияда Нұрасыл Төлебек 60 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында Тәжікстан боксшысы Дамир Мубалихоновпен кездесті. Нәтижесінде Нұрасыл төрешілердің шешімі бойынша қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға шықты.

Айта кетейік, Азия чемпионаты 16 шілдеге дейін жалғасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.