Атырауда бақылаусыз, қараусыз жүрген балалардың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Жасөспірімдердің қатысуымен 285 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Атырау облысының аумағында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қала — қауіпсіз балалар» және есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, нашақорлыққа қарсы бағытталған «Қарасора-2026» республикалық жедел-профилактикалық шаралары өткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Рolisia.kz сілтеме жасап.

Іс-шара барысында тәртіп сақшылары түнгі уақытта ойын-сауық орындарын, көшелерді, саябақтарды және жастар көп жиналатын орындарды тексерді. Нәтижесінде, 260-тан астам жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізіліп, олардың қатысуымен 285 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, олардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 25 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының қайда және кіммен жүргенін тұрақты бақылауда ұстап, олардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, отбасы мен қоғамның ортақ міндеті, — делінген ақпаратта.