Әлемде электр энергиясына сұраныс артып келеді: АЭС – энергетикалық тұрақтылықтың кепілі

Сондықтан бүгінде мәселе «жаңартылатын энергия көзі, әлде дәстүрлі энергетика ма?» деген таңдауда емес. Қазақстанға теңгерімді энергетикалық жүйе және заманауи электр желілері қажет.

BloombergNEF болжамына сәйкес, әлемде электр энергиясына деген сұраныс 2035 жылға қарай 29%, ал 2050 жылға қарай шамамен 69% артады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұған негізгі себеп – жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, деректерді өңдеу орталықтарының (data center) көбеюі, электромобильдердің кең таралуы және өнеркәсіптің цифрлануы. 

1-суретте сұраныстың өсуіне әсер ететін негізгі факторлар.

2-суретте 2025 жылмен салыстырғандағы салалардың өсу қарқыны көрсетілген. Онда электр көліктері мен деректерді өңдеу орталықтарының электр тұтынуы басқа салаларға қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп келе жатқаны анық байқалады.

Қазірдің өзінде деректерді өңдеу орталықтары жылына шамамен 500 ТВт·сағ электр энергиясын тұтынады. Бұл әлемдік электр тұтынуының 1,9 пайызына тең. Ал ғасырдың ортасына қарай бұл көрсеткіш екі есеге жуық өседі.

Бұл процесс әлемдік экономикаға да өз әсерін тигізіп отыр.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлем бойынша компанияларды біріктіру және сатып алу (M&A) мәмілелерінің жалпы көлемі 2,8 трлн АҚШ долларына жетіп, тарихи рекорд жаңартты. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға жоғары. Технология секторынан кейін инвесторлардың ең көп қызығушылық танытып отырған бағыты – энергетика саласы.

Соның бір нақты мысалы – NextEra Energy мен Dominion Energy компанияларының бірігу туралы жариялаған келісімі. Бұл мәміленің нәтижесінде нарықтағы құны шамамен 420 млрд АҚШ доллары болатын ірі энергетикалық компания құрылады.

Қазақстан да жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытып, заманауи деректерді өңдеу орталықтарын (Data Center) салуды жоспарлап отыр. Алайда кез келген мұндай орталықтың тұрақты жұмыс істеуінің басты шарты – тәулік бойы үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілуі. Онсыз жасанды интеллектіні де, цифрлық экономиканы да дамыту мүмкін емес.

Сондықтан бүгінде мәселе «жаңартылатын энергия көзі, әлде дәстүрлі энергетика ма?» деген таңдауда емес. Қазақстанға теңгерімді энергетикалық жүйе және заманауи электр желілері қажет.

Экономикалық тиімді өңірлерде жаңартылатын энергия көздерін дамыту керек. Сонымен қатар тұрақты қуат өндіретін әрі жүктемені жедел реттей алатын сенімді генерация көздері де ауадай қажет.

Бұл міндетті атом электр стансасы мен көмірмен жұмыс істейтін заманауи жылу электр стансалары ғана толық атқара алады.

Атом электр стансасы алдағы ондаған жыл бойы тұрақты әрі көміртегі қалдығы төмен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Уран өндіруде әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Қазақстан үшін бұл – заңды әрі стратегиялық қадам.

Ал көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансалары – еліміздің табиғи артықшылықтарына негізделген шешім. Қазақстанның көмір қоры 33 миллиард тоннаға жетеді, бұл шамамен 300 жылға жететін ресурс. Оның үстіне, көмір электр стансаларында өндірілетін электр энергиясының өзіндік құны жаңартылатын энергия көздерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Бүгінде негізгі мәселе Қазақстанға жаңа энергия өндіру қуаттары қажет пе, жоқ па деген сұрақ емес. Негізгі міндет – экономика, жасанды интеллект және деректерді өңдеу орталықтары қарқынды дамып жатқан кезеңде энергетикалық инфрақұрылымды уақытылы күшейту. Өйткені электр энергиясын өндірудің жаңа қуаттары алдын ала салынбаса, алдағы уақытта қажетті сұранысты өтеу әлдеқайда қиын әрі қымбатқа түседі.