Курчатовтағы құрылыс: қуат қоры молаймақ

Кез келген мемлекеттің қуаты табиғи байлығымен ға­на емес, сол байлықты тиімді пайдалана алатын мүм­кіндігімен өлшенеді. Ал ол мүмкіндіктің өзегі – энер­гетика. Электр қуаты жеткіліксіз жерде өндіріс өр­­кендемейді, инвестиция тұрақтамайды, жаңа тех­нологиялар дамымайды. Сондықтан бүгінде энер­гети­калық қауіпсіздік мәселесі экономикалық сая­сат­тың ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің де маңызды бө­лігіне айналды.

Осы тұрғыдан алғанда, Абай об­лы­сының Курчатов қаласында қуаты 700 мегаватт болатын конден­са­ция­лық электр стансасының құрылысы бас­талуы жай ғана кезекті инвес­ти­ция­лық жобаның іске қосылуы емес. Бұл – Қазақстанның алдағы он­жыл­дықтағы энергетикалық келбетін ай­қындайтын стратегиялық қадам­ның бірі.

Кейінгі жылдары елімізде электр энер­гиясына деген сұраныс айтар­лық­тай өсті. Өнеркәсіп көлемі ұл­ғайып, жаңа кәсіпорындар іске қо­сы­лып жатыр. Цифрландыру үдерісі де энергияға деген тәуелділікті кү­шейтті. Ал қолданыстағы көптеген электр стансалары өткен ғасырдың ен­шісінде қалған. Олардың бірқа­та­рының жабдықтары тозып, жаңғыр­ту­ды қажет етеді. Мұндай жағдайда жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу – ертеңге қалдыруға болмайтын міндет.

Курчатовтағы жаңа конденсация­лық электр стансасы – осы қажет­ті­лік­тен туындаған жоба. Жалпы құны 881 миллиард теңгені құрайтын ны­сан 2026–2032 жылдары салынып, то­лық іске қосылған соң жылына 5 мил­лиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл – бір ғана өңірдің емес, тұтас елдің энер­гетикалық жүйесіне елеулі үлес.

Жобаның әлеуметтік маңызы да аз емес. Құрылыс барысында бес мың­ға жуық адам жұмыспен қам­ты­ла­ды. Кейін төрт жүз тұрақты жұмыс орны ашылады. Бірақ мәселе тек жұ­мыс орындарының санында емес. Мұндай жобалар өңірдің тынысын өз­гертеді. Жол салынады, инженер­лік желілер жаңарады, қызмет көр­сету саласы дамиды, шағын және ор­та бизнеске жаңа мүмкіндік туады. Басқаша айтқанда, бір энерге­ти­ка­лық нысан тұтас экономикалық эко­­­­­жүйенің дамуына жол ашады.

Курчатовтың таңдалуы да кез­дей­соқ емес. Бұл қала қазақ ғылымы­ның тарихында ерекше орын алады. Бір кездері ядролық зерттеулердің ор­талығы болған қала енді жаңа энер­гетикалық жобалардың алаңына айналып келеді. Бұл – Курчатовтың ғылыми әлеуеті мен өндірістік мүм­кін­дігін ұштастыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл жобаның елдің энергетикалық қауіп­сіздігін нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаңа станса өңірдің индустриялық дамуына тың серпін беріп, ин­вес­тициялық тартымдылығын арт­тыра­ды. Бұл пікірдің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені қазіргі әлемде инвестор ең алдымен инфрақұры­лым­ға, оның ішінде энергиямен қам­тамасыз ету деңгейіне қарайды. Электр қуаты жеткіліксіз жерде жаңа өндіріс ашу қиын.

Энергетика вице-министрі Сұң­ғат Есімханов та бұл жобаның ұлттық экономика үшін маңызын атап өтті. Шын мәнінде, бүгінде Қазақстан энергия өндіру көлемін көбейтумен қатар, оның құрылымын жаңартуға да бет бұрды. Су электр стансалары, жылу энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері мен болашақ атом энергетикасы – бәрі бір мақсатқа, яғни елдің энергетикалық тұрақты­лы­ғын қамтамасыз етуге қызмет ету­ге тиіс.

Абай облысында жүзеге асыры­лып жатқан жобалар – осы саясаттың нақты көрінісі. Шүлбі су электр стансасының қуатын ұлғайту, Семей су электр станциясын салу, Семейдегі жаңа ЖЭО құрылысы және енді Кур­чатовтағы конденсациялық электр стансасы – мұның бәрі өңір­дің энер­гетикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін бастамалар.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қуатты энергетикалық инфра­құры­лым қалыптастырған елдер ғана тұ­рақ­ты экономикалық өсімге қол жет­кізеді. Электр қуаты жай ғана жа­рық емес. Ол – жаңа зауыттардың жұ­мысы, мыңдаған адамның еңбегі, цифр­лық экономиканың тынысы, өңірлердің дамуы. Сондықтан Кур­ча­товта қаланған іргетасты бір ғана құрылыс нысанының бастауы деп қарауға болмайды. Бұл – Қазақ­стан­ның энергетикалық тәуелсіздігін ны­ғайтуға бағытталған ұзақ жолдың ке­зекті белесі. Ертең ел экономи­ка­сының қуаты артып, жаңа өндірістер іске қосылып жатса, бүгінгі қабыл­дан­ған осындай шешімдердің маңы­зы айқындала түседі. Өйткені мем­ле­кет қуаты ең алдымен энергия қуа­ты­нан басталады.

 Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ, Абай облысы