Еліміз кейінгі жылдары балалар үйлерінің санын азайтып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыруға басымдық беріп келеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде 20 178 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 16 294-і азаматтардың отбасыларында тәрбиеленсе, 3 884 бала арнайы ұйымдарда тұрып жатыр. Бұл – мыңдаған баланың тағдыры әлі де мемлекет қамқорлығына тәуелді деген сөз.
Қолданыстағы заңнама жетім балаларға бірқатар әлеуметтік кепілдік береді. Олар білім беру ұйымдарына түсу кезінде арнайы қабылдау квотасына ие, мемлекеттік білім грантын тағайындауда басымдыққа ие болады. Колледждер мен жоғары оқу орындарында жатақханамен қамтамасыз ету, материалдық қолдау көрсету, каникул кезінде жол шығындарын өтеу сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасына сәйкес, жетім балалар коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алуға бірінші кезекте үміткер бола алады. Ал Жергілікті атқарушы органдар оларды жұмысқа орналастыруға міндетті. Солайша, қағаз жүзінде қарасақ, әлеуметтік қолдау жүйесі жеткілікті сияқты әсер береді.
59,9 мың азамат баспана кезегінде тұр
Оқу-ағарту министрлігі берген мәліметтің ішіндегі ең маңыздыларының бірі – тұрғын үй кезегіне қатысты мәлімет. Қазір республика бойынша «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша 59,9 мың азамат баспана кезегінде тұр. Салыстыра айтсақ, бір Гренландия аралының халқына пара-пар азаматтардың үйі жоқ. 2026 жылдың өткен кезең ішінде жергілікті атқарушы органдар осы санаттағы 465 азаматқа тұрғын үй берген. Иә, заң бойынша оларға басым құқық берілген, әйтсе де баспана кезегі баяу жылжып жатқан сыңайы бар.
Айта кету керек, жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесінде соңғы уақытта бірқатар өзгерістер қабылданды. Жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаты Андрей Лукиннің сауалына жауап беріп, жетім балалар үшін тұрғын үй алу тәртібін жеңілдетуге бағытталған өзгерістерді баяндады. Айтуынша, бұған дейін республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада тұрғын үй кезегіне тұру үшін талап етілетін үш жылдық тұрақты тіркеу міндеті алынып тасталған. Сонымен қатар бір облыс аумағында тұрғылықты жері өзгерген жағдайда азаматтың тұрғын үй кезегіне алғаш тұрған күні сақталады. Сондай-ақ жетім балалар баспана алғанға дейін тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарылмайды. Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгерістер жетім балалардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Дегенмен қабылданып жатқан өзгерістерге қарамастан, ресми дерек бойынша бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде 59,9 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азамат тұрғанын жоғарыда айттық. Бұл заңнаманы жетілдірумен қатар, оның нақты орындалуы мен тұрғын үймен қамту қарқынын арттыру мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Буллингке статистика жүргізілмейді
«Ата-анасы бар баланың көзінен жас аққанда, жетімнің көзінен қан ағады» дейтін қазақпыз. Сол онсыз да жаны жаралы жетім балалар мектепте басқа балалар тарапынан мазақ пен қорлыққа, қысымға ұшырамайды деп ешкім де сеніммен айта алмайды. Өйткені мектептердегі буллинг мәселесі тып-типыл жойылып кетпегені анық. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, білім беру ұйымдарында қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету, буллингтің, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен суицид көріністерінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
«Балаларға уақтылы психологиялық көмек көрсету мақсатында психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер арасында буллинг жағдайларын азайтуға, білім беру ұйымдарында қауіпсіз, қолдаушы және құрметке негізделген ортаны қалыптастыруға бағытталған «ДосболLIKE» буллингтің алдын алу бағдарламасы іске асырылуда. Балалардың құқықтарын бұзу, құқықбұзушылықтар жасау, буллинг жағдайлары не кәмелетке толмағандардың физикалық және психоэмоционалдық жай-күйіне теріс әсер ететін өзге де мән-жайлар фактілері анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ден қою шаралары қабылданады», – дейді ол.
Алайда назар аударатын бір жайт, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар арасында буллинг, құқықбұзушылық және суицидтік мінез-құлық жағдайларын жеке статистикалық есепке алу жүргізілмейді. Яғни бұл санаттағы балалардың психологиялық ахуалына қатысты нақты талдау жасауға мүмкіндік беретін деректер жоқ.
Бірақ білім беру ұйымдарында 2017 жылы құрылған Қамқоршылық кеңестері жұмыс істейді. Қамқоршылық кеңестің мүшелері ұйымның бюджетін қалыптастыру мәселелерін қарауға қатысады, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу процестеріне, сондай-ақ ұйымның шотына түсетін демеушілік және қайырымдылық қаражатының жұмсалуына мониторингті жүзеге асырады.
Бұдан басқа, қамқоршылық кеңес тәрбиеленушілерде санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын, тамақтанудың сапасын және тәрбиеленушілерді қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етуді қоғамдық бақылауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тәрбиеленушілердің ақшалай қаражаттары мен материалдық құндылықтарының сақталуы, мүліктік және мүліктік емес құқықтарының сақталуына мониторингті жүзеге асырады.
Қоғамға бейімделу – үлкен мәселе
Балалар үйінен шыққаннан кейінгі өмір – ең маңызды кезеңнің бірі. Дегенмен дәл осы бағытта ақпарат жеткіліксіз. Министрліктің мәліметіне сәйкес, жетім балалардың жұмыспен қамтылуы мен тұрғын үй мәселесіне мониторинг жүргізіледі, ал олардың қоғамға бейімделуі, отбасы құруы, тұрақты еңбек нарығына орналасуы жөнінде кешенді зерттеулер жүргізілмеген.
Бұл – мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалауды қиындататын фактор. Өйткені баланың тағдыры балалар үйінен шыққан сәтте аяқталмайды. Керісінше, дәл сол кезде оның дербес өмірі басталады. Баспанамен қамтылу, тұрақты жұмыс табумен қатар психологиялық тұрақтылық, қоғамға бейімделу – олардың болашағын айқындайтын негізгі мәселелер. Дұрысы, жетім бала үшін әлеуметтік көмек маңызды, ал қоғамға әлеуметтік-психологиялық бейімделу одан да маңызды мәселе.
Осы жерде айта кететін бір жайт, «Қазақстан балалары» 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жетім балаларға арналған ұйымдардың түлектерін ересек өмірге бейімдеу тетіктері күшейтілмек. Соның ішінде бүгінгі Жасөспірімдер үйлерін әлеуметтік бейімдеу орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр. Әрине, бұл – алдағы күндердің еншісіндегі шаруа.
Иә, жетім балаларды қолдау тек жәрдемақы немесе тұрғын үй кезегімен өлшенбейді. Олардың толыққанды білім алуы, мамандық игеруі, жұмыс табуы, психологиялық тұрғыдан орнықты азамат болып қалыптасуына қоғам да, мемлекет те мүдделі болуы керек деп ойлаймыз.
Гүлзат Асанова,
Қазақстан психологтар одағының төрайымы:
– Олардың көпшілігі мықты болып көрінуге тырысады. Бірақ қиналғанда, қорыққанда немесе тығырыққа тірелгенде көмек сұрауды білмей жатады. Тағы бір ерекшелік бар. Бала күнінен олар үшін маңызды шешімдерді басқалар қабылдайды. Сондықтан есейгенде оларға өз бетінше тірлік ету оңайға соқпайды.
Кейде олардың ересек өмірге ашық теңізге жалғыз шыққандай күйде қадам басатыны сезіледі. Иә, тұрмыстық дағдылары бар. Көпшілігі ас әзірлей алады, үй жинайды, күнделікті тіршілікті ұйымдастыруды біледі. Бірақ жандарында сенімді ересек адам болмаған, қиналғанда арқа сүйеп үйренбеген. Қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін осы арқылы көруге болады. Сол үшін досымен, сүйіктісімен немесе жұмыста келіспеушілік туындаса, мұндай жағдайлар оларға өте ауыр тиюі мүмкін.
Материалдық қолдау өте маңызды. Алайда одан кем емес маңызды нәрсе – жаныңда сенімді адам болуы. Сол арқылы адам көмек сұрауды, қиындықты жалғыз көтермеуді, қарым-қатынаста берік болуды және қаржысын жоспарлай білуді үйренеді.
Мен, жалпы, оларға қолжетімді психологиялық көмектің болғанын қолдаймын. Бірақ ол «есеп үшін өткен үш кездесу» болып қалмауы керек. Қажет болса, адам психологпен ұзақ уақыт жұмыс істеп, біртіндеп сенімді қарым-қатынастың тәжірибесін жинақтай алуы маңызды. Өйткені дәл осындай тәжірибе уақыт өте келе ересек өмірдегі ең берік сүйеніштердің біріне айналады деп ойлаймын.
Айгүл Сейіл