Миссиядан оралған мейірбандар

Жақында отандық дәрігерлер тобы Ауғанстанға гуманитарлық медициналық миссия аясындағы жұмысын аяқтап, елге оралды. Біз де осы сәттің куәсі болып, дәрігерлерді қарсы алуға Астана халықаралық әуежайына бардық. Олимпиада чемпиондарын қарсы алғандай күйде болып, қуаныш деген қойынға сыймады. Алыс сапардан аман-есен оралған мамандарды, расымен де, нағыз батырларға теңегеніміз әбден жарасатындай.

Қазақстандық көпсалалы медициналық топ құрамына елдің жетекші медициналық орталықтарындағы тоғыз білікті дәрігер енген, олардың қатарында травматология және ортопедия, кардиология, педиатрия, хирургия, урология, пульмонология және эпидемиология салаларының маманы бар. Олар Ауғанстан еліндегі «Қазақстан ме­дицинасы күндері» аясында бір апта халыққа практикалық медициналық көмек беріп, ауған әріптестеріне шеберлік сабағын өт­кізді, бірлескен тексерулер мен консилиум­дарға қатысты. Отандық мамандар жергілікті тұрғындарға консультациялар өткізіп, күрделі хирургиялық операцияларды да жүргізді. Медициналық топ ауыр жарақат салдары мен тірек-қимыл аппаратының туа біткен деформациялары бар пациенттерге айрықша көңіл бөлуге тырысты. 

Ауғанстан халқына медицналық көмек берген топ құрамында Н.Батпенов атында­ғы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандары да бар. Біз директордың клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары, травмотолог Серік Балғазаровтан жұмыс процесі жайында ақпар алуға тырыстық. 

– Дәрігерлеріміз Ауғанстанға екінші мәрте барып отыр. Алғаш рет 2025 жылы қараша айында болдық. Сол себепті де ауған дәрігерлерімен қарым-қатынасымыз жақсы, қандай медициналық құралдардың қажет екенін де біліп, барлық жағдайға дайындалып, ерте қамдандық. Өз ауру­ханамыздан керек-жарақтарды алып барып, кейін оларға сыйлық ретінде қалдырып кеттік. Осы жолы орталығымыздан 4 трав­матолог делегация құрамында болды. Тә­жірибемізді қолданып, ауған дәрігер­ле­рімен қоян-қолтық жұмыс атқардық, – дейді С.Балғазаров.

Ауғанстанға сыйға берілген медицина­лық құралдардың ішінде Илизаров аппа­ратының жиынтығы да бар. Бұл – дүние­жүзіне танымал құралдардың бірі. Аппарат сүйек бұзылыстарында, әсіресе оқ-дәрінің әсерінен болған ақаулықтарда, сүйектің сынуы, шіруі кезінде, қалпына келтіруге көп көмегі тиеді екен. Дәрігерлер тобы алда да ауған елімен байланыста болып, аппараттың жұмысына байланысты нұсқаулықтар бермек ниетте.

Дәрігерлер бұл сапарда Akbar Ali Khan клиникасында болған. Маманның айтуын­ша, медициналық топ күніне 120-дан аса па­циентке көмек беріп, тиісінше отаға дайындаған, тіпті демалыс күндері де ота жасаған.

– Клиникада таңғы сегізден бола­мыз, түскен науқастарды қабылдап, операция­ға дайындаймыз. Көбіне қару-жарақ, жарылыстың әсерінен болған жарақаттардың асқынған түрлері кездесті, тіпті 3-4 жылдан бері ауырып жүрген адамдар да қабыл­дауымызға келді, шұғыл түрде келген науқастарға да операция жасадық. Бірінші күннен елге қайтқанға дейін операция залынан шыққан жоқпыз. Оларда бейсенбі, жұма күндері демалыс, соған қарамастан өтініп сұрап, жұмыстарымызды түгел аяқтап кетуге тырыстық. Травматологияны жеке қарастықсақ, 20-дай операция жасап үлгердік, – дейді дәрігер.

Сонымен қатар сапар аясында Қаза­қ­станнан Ауғанстанға гуманитарлық көмек те жеткізілді. Дәрі-дәрмектің бір бөлігі әуе көлігі арқылы жетсе, гуманитарлық жүктің негізгі бөлігі 8 вагонмен теміржол арқылы Балх провинциясындағы Хайратон стан­циясына жеткізілген. Бұл істі Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктері бірлесіп ұйым­дастырды. Гуманитарлық жүктің жалпы салмағы 310 тоннадан асады. Оның құрамына 1,867 тонна дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар, 300 тонна қант, 100 жазғы шатыр, төсек-орын жабдықтары және басқа да бірінші кезектегі қажетті заттар кіреді.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының уролог дәрігері Рустам Са­лимов бұл сапардың өзгелерден өзгерек екенін айтты. 

– Бұл – Ауғанстан еліне екінші сапа­рым. Ұлттық травматология орталығының директоры Олжас Сапарғалиұлының бас­тамасымен алғаш рет Ауғанстанға аттанған дәрігерлер тобында да болғанмын. Біз көптеген науқасқа шұғыл түрде көмек бердік, ақаулықтарын емдеуге атсалыстық. Дәрігерлер тобында жалғыз уролог бол­ғандықтан, бір өзім 10-нан аса операция жүргіздім. Осы сапардың уақыты қысқа болды, бізге барынша шұғыл әрекет ету керек болды. Былтыр тек дәрігерлер тобын жіберсе, биыл үлкен бір делегация құ­ра­мын­дамыз, мұның өзі – үлкен мәртебе, – дейді тәжірибелі маман.

«Қазақстан медицина күндері» жобасы жыл сайын әртүрлі елде жүйелі түрде ұйым­дастырылып келеді. Былтыр Ұлттық травматология орталығының мамандары Өзбекстан халқына да көмек көрсетіп қайтқан. Жобаның маңызы жайында орталық директоры Олжас Сапарғалиұлынан сұрап білдік.

– Былтыр Өзбекстан еліне барып қайт­тық. Бір топ дәрігер шетелдік әріптестерге тәжірибесін бөлісіп, науқастарды емдеп, жаңа технологиямызды көрсеттік. Жобаның бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, әріптес­теріміз тәжірибесін бөліссе, екіншіден, еліміздің медициналық туризмін дамыту үшін қажет. Біз өткен жылы ауған еліне барып, халықтың жағдайы өте ауыр екенін көріп қайттық. Қаншама адам медицина­лық көмекке мұқтаж. Ауғанстанның меди­циналық жүйесі толық қалыптаспаған, мүмкіндіктері қолжетімсіз, сол себепті қарапайым халыққа көмек қолын созуды мақсатымыз деп білдік, – дейді орталық басшысы.

Аталмыш медициналық миссия ден­саулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және медици­налық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр. Ал БҰҰ дерегі бойынша, бүгінде ауғандықтардың 45 миллион тұрғы­нынан 30 миллионға жуығы гуманитарлық көмекке мұқтаж. 5 жасқа дейінгі 1,3 мил­лионға жуық бала дұрыс тамақтанбау салдарынан емге зәру болып отыр.

Қазақстан – Орталық Азия елдері арасындағы Ауғанстанға гуманитарлық көмектің ірі жеткізушісі. 2025 жылы еліміздің Ауғанстандағы алғашқы гуманитарлық миссиясы аясында 13 дәрігер он күн ішінде 44 ота жасап, жүзден аса пациентке меди­циналық көмек берген еді.

Айсұлу СЪЕЗХАН