Алматы тауларында құтқару қызметінің мамандары Құмбел шыңына көтерілу кезінде жолдан адасқан екі турист қызға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қараңғы түскеннен кейін қыздар бағытынан жаңылып, кері қайтар жолды өздігінен таба алмаған. Оларды іздеуге «БАУ» бақылау-құтқару бекетінен жедел түрде құтқарушылар тобы шықты.
Мамандар туристерді тез арада тауып, олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбегеніне көз жеткізді. Артынан қыздарды қауіпсіз жерге түсіріп, экобекетке апарған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамын және қайту уақытын ескеруге шақырды. Сондай-ақ құтқарушылар тауға жалғыз шықпауға және қараңғы уақытта шыңға көтерілмеуге кеңес береді.