Атырауда 900 орындық жаңа жатақхана салынады

Жатақхана өзара байланысқан үш блоктан тұрады. Жобада студенттердің жайлы тұруына, білім алуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті барлық жағдай қарастырылған.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттеріне арналған 900 орындық жаңа жатақхана жобасы дайын. Қолданыстағы ғимарат сүріліп, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа студенттер үйі бой көтермек. Құрылыс жұмыстары мемлекеттік инвестициялар есебінен жүзеге асады,  деп хабарлайды Aikyn.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа нысан Атырау облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша салынады. Жобаны әзірлеуші бас ұйым – «Авангард ОК» ЖШС.

Жатақхана өзара байланысқан үш блоктан тұрады. Жобада студенттердің жайлы тұруына, білім алуына және бос уақытын тиімді өткізуіне қажетті барлық жағдай қарастырылған.

А және В блоктарында жалпы 800 студентке арналған тұрғын бөлмелер бар. Әр қабатта қыздар мен ұлдарға арналған жеке секциялар қарастырылған. Сонымен қатар А блогының бірінші қабатында медициналық блок, өзіне-өзі қызмет көрсететін кір жуу орны, жеке заттарды сақтауға арналған қойма, құжаттарды басып шығару және кеңсе тауарларын сату орны, сондай-ақ жатақхана қызметкерлеріне арналған кабинеттер бар.

Орталық Б блогында 100 орындық асхана, 80 орындық оқу залы бар кітапхана, компьютерлік сыныптар, студенттердің бос уақытын ұйымдастыру орталығы, ерекше қажеттілігі бар студенттерге бейімделген бөлмелер және 150 орындық акт залы қарастырылған. Сондай-ақ мұнда 20 тренажерге арналған спортзалы, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар болады.

Басқарма басшысының орынбасары Дархан Тілепбергеннің мәліметінше, жобалау жұмыстары аяқталып, жоба қазір республикалық мемлекеттік «Мемсараптама» кәсіпорнында сараптамадан өтуде.