Ақтөбеде қоқыс маңынан табылған сәбиді жаңа отбасы асырап алды. Батыр есімді сәби "Үміт" балалар үйінде бірер апта ғана болған. Ол туралы деректер порталға салған сәттен-ақ асырап алушы өтініш бірден түсірген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Балалар үйінің бас дәрігері Серік Айтукиннің айтуынша, сәби 10 маусым күні мекемеге қабылданған. Осыдан кейін оның туу туралы куәлігі рәсімделіп, бала асырап алу порталына енгізілген.
– Өтініш білдірген азамат келіп, баламен танысты. Заңда көзделген рәсімдер толық аяқталған соң оның өтініші қанағаттандырылып, сәби өткен аптада жаңа отбасына берілді, – деді ол.
Еске сала кетейік, биыл мамыр айында Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданындағы қоқыс маңынан нәресте табылған. Оның салмағы 2 келі 900 грамм болған. Сәбиді жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға жеткізіп, дәрігерлердің бақылауына тапсырған.