Ақтөбе облысының Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылында қатты желдің салдарынан байланыс мұнарасы жеке орналасқан бірқабатты дүкеннің үстіне құлаған. Оқиға салдарынан үш адам зардап шекті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел түрде авариялық-құтқару жұмысын жүргізді. Сондай-ақ қатты екпінді желдің салдарынан тағы да бірнеше нысан зақымданған.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазір нысандарға келтірілген залалды бағалау жұмысы жүріп жатыр. Қосымша аудан орталығында электр энергиясы мен ұялы байланыс қызметін қалпына келтіру үшін авариялық бригадалар жұмыс істеуде.
"Өңір басшысы Асхат Шахаровтың тапсырмасы бойынша қажетті іс-шараларды үйлестіру мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің жетекшілігімен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия құрылды. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданады.
Барлық тиісті қызметтер күшейтілген режимге көшті. Жергілікті атқарушы орган оқиғаның салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсету бойынша қажетті шараларды қабылдайды. Тұрғындардан сабыр сақтауды, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және жүргізіліп жатқан авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұраймыз", – делінген хабарламада.