10 шілде күні сағат 13:25 шамасында Степногорск қаласының шағын аудандарының бірінде ер адам көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы балконнан секірмек болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық ПД мәліметінше, оқиға орнына патрульдік полиция взводының қызметкерлері Дамир Нұртасов пен Арман Блялов үш минутта жеткен.
Полицейлер сегізінші қабатқа көтерілген кезде балкон сыртында тұрған ер адамды байқап, дереу онымен байланыс орнатуға кірісті. Сақшылар онымен сөйлесіп, назарын аударып, сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысты.
Әңгіме барысында ер адамның мұндай қадамға баруына жұбайымен болған жанжал себеп болғаны анықталды. Бір полицей әңгімелесуді жалғастырып жатқан сәтте, екінші қызметкер қауіпсіздік шарасын қолданып, ер адамды балконның ішкі жағына қарай тартып алды.
– Полицейлердің үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Құтқарылған азамат медициналық қызметкерлерге тапсырылып, қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді, – делінген хабарламада.